Композиция жарыққа шыққаннан кейін Бельгияның бірқатар радиостанцияларында ротацияға еніп, елдің әртүрлі өңірлерін қамтыды.
«Yazgi» Антверпен қаласында орналасқан интернет-радиостанция Toblero, сондай-ақ Megamusic радиосының эфирінен берілді. Сонымен қатар композиция Бельгияның французтілді радиостанциялары — Льеж қаласындағы AFM Radio, Farciennes қаласындағы RMS Radio және Монс шаһарындағы Radio Stars эфирлерінде тыңдарман назарына ұсынылды.
Жаңа релизге AFM Radio айрықша назар аударды. Өткен сенбіде радиостанцияның студиясында «Yazgi» әнінің тікелей эфирдегі таныстырылымы өтті. Эфир барысында Димаштың жаңа композициясы тыңдалып, синглдің промо-постері де таныстырылды.
«Yazgi» синглі 2026 жылғы 2 тамызда жарыққа шыққан болатын. Композицияның музыкасын Димаш Құдайберген жазса, ал мәтінінің авторы — Өркен Әбдіров.
Осыған дейін Димаш Құдайбергеннің түрік тіліндегі алғашқы Yazgı әні қалай өмірге келгенін жазғанбыз.