30 қазанда Мадридте өтетін Димаш Құдайбергеннің DIMENSIONS әлемдік туры аясындағы концерті қарсаңында өнерпаздың испаниялық жанкүйерлері қайырымдылық бастамасын жүзеге асырды. Димаштың Испаниядағы ресми фан-клубының атынан қызмет ететін La Gran Voz Kazaja қауымдастығы есту және көру қабілеті қатар бұзылған адамдарға көмек көрсететін APASCIDE ұйымының Santa Ángela de la Cruz орталығына қолдау көрсету мақсатында 3 000 еуро бөлді.
Фан-клуб өкілдерінің айтуынша, қайырымдылық шарасын ұйымдастыруға Димаштың игі істері мен өзгелерге қолдау көрсетудің маңыздылығын үнемі дәріптеп жүрген өнегесі үлгі болған екен. Биыл жанкүйерлер өнерпаздың Испанияға келуіне орай ерекше сый жасауды ұйғарып, көмекке мұқтаж жандарға қаржылай қолдау көрсетуді жөн көрген.
La Gran Voz Kazaja қауымдастығының өкілдері Santa Ángela de la Cruz орталығына арнайы барып, мекеме қызметкерлерімен және қамқорлығындағы жандармен кездесті. Сондай-ақ орталықтың жұмысымен танысып, есту және көру қабілетінен қатар айырылған адамдарға күнделікті көрсетілетін күтім мен қолдау шаралары туралы мәлімет алды.
— Димаштың игі істерінен үлгі алып, оның ізгі бастамаларын жалғастыру мақсатында көмекке аса мұқтаж жандарға қолдау көрсетуді ұйғардық. Ең құнды сыйлық — өзгелерге жақсылық жасау мүмкіндігі деген сенімімізді Димаш та қолдайтынына кәміл сенеміз, — деп атап өтті фан-клуб өкілдері.
Кездесуге қатысушыларға орталықтың «Біз — сіздердің ортақ көздеріңіз бен құлақтарыңызбыз» деген ұраны ерекше әсер қалдырды. Өз кезегінде испаниялық Dears жанкүйерлері бұл сөздерді «Біз сіздердің дауыстарыңыз әрі жүректеріңіз болғымыз келеді» деп символдық мәнде толықтырды.
Орталықтың қамқорлығындағы жандар да Димаш Құдайберген мен оның жанкүйерлеріне арнап ым тілі арқылы алғыстарын білдірді.
— Димаш, APASCIDE ұйымының есту және көру қабілетінен қатар айырылған жандарына көрсеткен қолдауыңыз үшін рақмет! Dears, Santa Ángela de la Cruz орталығына арнайы келгендеріңіз үшін сіздерге де алғыс айтамыз! Баршаңызға рақмет! — деді олар.
Осыған дейін Польшада Димаш жанкүйерлерінің кездесуіне 400-ден астам адам жиналғанын жазғанбыз.