Димаштың өнеріне деген сүйіспеншілік бізді біріктірді - фан-клуб әкімшісі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Димаш Құдайбергеннің әлемнің түпкір-түпкірінен жиналған жанкүйерлері әншінің Дюссельдорфтегі концерті алдында әдеттегідей басқосу ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат dimashnews.com сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан әншісінің жанкүйерлері үшін бұл жолғы басқосудың орны тіптен ерекше. Пандемия кезінде уақытша тоқтатылған «ARNAU» туры қайта жалғанып, фан-клуб мүшелері бір-бірімен кездесу мүмкіндігіне ие болды.

Шараны Dimash Multicultural Club әкімшісі Анна Людвиг пен Dimash Fanclub Deutschland өкілі Беттина Древенсек ұйымдастырған. Олар 70 елден жиналған 150-ден астам жанкүйердің көптен күткен концерт алдында осылай кездесуіне қолдау білдірген Қазақстанның Германиядағы Елшілігіне ризашылықтарын жеткізді.

«Ең алдымен, Қазақстан Елшілігіне алғыс айтамыз. 2 жылдан кейін баршамыздың осылай кездесуімізге мүмкіндік туғанына өте қуаныштымыз. «We Are One« (»Біз біргеміз« - ред.) - жай сөз емес. Dears (қымбатты жанкүйерлер - ред.) мәдениеті, тілі мен менталитетіндегі айырмашылықтарға қарамастан, бір-бірін үнемі қолдайды, жақсы көреді. Себебі, біздің барлығымызды Димаштың шығармашылығына деген сүйіспеншілік біріктірді», - дейді әншінің мультимәдени фан-клубының әкімшісі Анна Людвиг.

Елшілік өкілдері Димаштың шығармашылығына тәнті жандарға әншінің туған елі, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлері жайлы айтып берді. Сондай-ақ, Қазақстанның табиғаты мен айшықты жерлерін таныстыратын көрме ұсынылды.

Еске сала кетейік, Германияның Дюссельдорф қаласында Димаштың жеке концерті өтетіні хабарланған болатын.