Димаштың сингапурлық жанкүйері «Дайдидау» әніне композиция жазды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сингапурлық пианиношы Джереми Вонг Димаш Құдайберген Қытайдың «Singer» байқауына қатысу кезінде орындаған қазақтың «Дайдидау» әнінің кавер-нұсқасын шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Димаштың Singer байқауында көрсеткен өнерінен кейін, оның  талантына тәнті болдым. Оның дауысы ерекше, ол орындаған әндер адамның жүрегін тебірентеді. Мен пианиношы болғандықтан, пианино үнімен жан тебірентерлік музыка орындауды шештім. Шындығында, Димаштың орындауындағы «Дайдидау» әніне дейін қазақ музыкасы туралы ештеңе білген емеспін»,- деді Джереми Вонг.

«Дайдидау» әнінің музыкалық аспаптағы кавер-нұсқасы жайында пікір білдірген Димаштың анасы Светлана Айтбаева, әнді аспаптық музыка ретінде де қарастыру керектігін айтты.

«Дайдидау» халық әні деп айтылып жүр. Дегенмен, оны Мағжан Жұмабаевтың әні деп те айтады, мен сол пікірге қосыламын. Бірақ біз оны халық әні деп қабылдағаннан кейін, солай орындалып жүр. Шынымен де, қазіргі халық әні деп жүрген көп шығармалар белгілі бір адамның туындысы, тек халық арасында кеңінен танылып, халықтың жүрегінен орын алғаннан кейін халықтікі болып кеткен. Әннің жоғалып кетпегені - туындының құдыреттілігінде. Қазіргі кезде «Дайдидау» әншілер арасында кеңінен орындалады. Әнді басқа елдің музыканттары орындауы тегін емес. «Дайдидауды» тек қана ән есебінде емес, көлемді және өзіндік шарықтау шегі бар аспаптық музыка ретінде де қабылдауға болады. Димаш оны бала кезінен жақсы көріп, өзінің ерекшелігімен орындап келеді және бұл ән оның визитті-карточкасына айналды. Оны сондай-ақ «Славян базары» және басқа да халықаралық байқауларда орындаған еді», - деді Айтбаева.

Светлана Айтбаева «Дайдидаудың» әлемдік аренаға көтерілуі жақсы нышан екендігін жеткізді.

«Әннің Димаштың орындауындағы нұсқасы халыққа жақын болуы, онда қатты күрделі орындаулар және қиын жерлерінің болмауынан деп ойлаймын. Димаштың вокализ қоспай орындауы да әннің кең таралуына үлкен септігін тигізген сияқты. Аспаптық музыкамен вокализ қосып орындалса, тіпті әдемі болады деп ойлаймын. Жалпы, шетелдік музыканттардың көңіл аударып, өздерінің репертуарларына қосып, әртүрлі нұсқаларын орындауы және таратуға тырысқаны өте жақсы белгі, жақсы нышан. «Дайдидауды» әлемдік аренаға ұялмай шығаруға болады. Біздің қазақтың әндері мен күйлері диапазоны, орындалуы мен құрылымы жағынан шетелдік музыкалардан қалыспайды», - деді әншінің анасы.

Айта кетерлігі, Джереми Вонгтың орындауындағы «Дайдидау» әнінің пианинодағы кавер-нұсқасы көптеген адамның көңілінен шықты. Джереми бұған дейін Димаштың «Singer 2017» байқауында орындаған «SOS d'un terrien en détresse», «Ұмытылмас күн», «Күзгі мұң», «All by myself», «Confessa» және Голливуд фильмінің саундтрегі «Go Go Power Rangers» әндерін пианиноға салып ойнаған болатын.

Еске сала кетейік, қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Хунан телеарнасының «Singer 2017» байқауының жетінші кезеңінде Қазақ ұлттық музыка аспаптар өркестрінің сүйемелдеуімен «Дайдидау» әнін шырқап, үшінші орынды жеңіп алған болатын. Сондай-ақ, Димаш шырқаған «Дайдидау» әні «Азияның жаңа әндері» (Freshasia music) рейтингінде таңдаулы 15 әннің бірі болған еді.