Дін істері агенттігінің алдында тұрған басты мәселе - ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықты сақтау - Мемлекеттік хатшы

АСТАНА. 3 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Дін істері агенттігінің алдында тұрған басты мәселе - ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықты сақтау.

Бүгін Дін істері агенттігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед осылай мәлім етті.   

«Адамзат дамуының қай кезеңі болмасын дін мәселесі кез келген қоғамдағы, кез келген мемлекеттегі ең басты мәселенің бірі болып табылады. Біздің қоғамда да дәл осындай жағдай орын алып отыр. Қазақстанның бүгінгі саяси тұрақтылығы, экономикалық қарқынды дамуы, әлеуметтік жағынан үлкен жетістіктерге жетуінің барлығы тәуелсіздік жылдарында Елбасы орнықтырған ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың негізінде жүзеге асып отыр. Ендеше біздің ең басты құндылығымыз да осы. Сондықтан да  агенттік қызметкерлерінің алдында тұрған ең басты мәселе де - Қазақстан халқының басты құндылығын одан әрі орнықтыру, одан әрі бекіте түсу болып табылады», - деді М. Құл-Мұхаммед.

Оның айтуынша, агенттіктің атқаратын жұмысы аса күрделі, аса қиын. Бұл адамның кәсіби біліктілігін ғана емес, үлкен интеллектуалды білімділігін де талап етеді. «Өйткені, адамзат тарихындағы кез келген қақтығыстар, өркениетті дамуды басқа арнаға бұрып жіберген маңызды оқиғалардың барлығы да осындай шетін жағдайдан туындаған», - деді Мемлекеттік хатшы. 

Сонымен қатар, былтырғы жылғы ел өмірінде орын алған қиындықтарға тоқталған М. Құл-Мұхаммед, мезгілінде Елбасының жарлығымен құрылған агенттіктің түрлі оқиғалардың себеп-салдарын талдап, ондай келеңсіз жайттардың алдын алуға  қызмет етуі тиістігіне ерекше назар аудартты. Бұл ретте агенттік қызметкерлерінің атқаратын жұмыстары да ведомство аясымен шектеліп қалмауы шарт.