Дін істері агенттігінің, діни басқарма мен мешіттердің басты жұмысы - Әбу Ханифа мәзһабы арқылы дінді түсіндіру

АСТАНА.  19 қыркүйек. ҚазАқпарат -Қазіргі таңда Дін істері агенттігінің, діни басқарма мен мешіттердің басты жұмысы Әбу Ханифа мәзһабын тереңдету, сол арқылы дінді түсіндіру болып табылады.

 Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасына орай депутаттар сауалына жауап берген ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф осылай мәлім етті.

Депутаттар сауалына жауап беру барысында Дін істері агенттігінің төрағасы елімізде білім беру жүйесі зайырлы екенін, сондықтан да жасөспірімдердің дінді түсінуі дінтану пәндері арқылы 9 сыныптан бастап өтіп, жастар одан өзіне керекті мағлұматтарды алатынын айтты. Бұдан бөлек,  жастар өз білімін дін жолында жетілдірмек болса, еліміздегі 9 медресе мен «Нұр Мүбәрәк» мешітінің бұған есігі айқара ашық екенін атап өтті.

«Шын мәнінде біз бұған дейін жаңа заңды қабылдағанда оның кіріспесінде «Қазақстанда Әбу Ханифа мәзһабын таратамыз» деп баса айттық. Қазіргі басты мақсатымыз, сондай-ақ Дін істері агенттігінің, діни басқарма мен мешіттердің барлық жұмысы Әбу Ханифа мәзһабының арқасында, яғни 12 ғасыр бойы қазақ даласында дәстүрлі түрде тарап келген осы мәзһаб арқылы дінді түсіндіру болып табылады. Әрине, діни басқармадағы имамдардың біліктілігі барлық өңірлерге жетіңкіремей отыр. Сол үшін арнайы курстар ұйымдастырып жатыр. Алдағы уақытта діни басқарма бұл бағытта арнайы аттестаттаудан өткізуге әзір», - деді Қ. Лама Шариф.

Оның айтуынша, бүгінгі күні елімізде 2 мың 300 мешітті қайтадан тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.  «Бұл ретте діни басқарма өз шешімімен молдасы жоқ ауылдағы бос мешіттерді тоқтату немесе оларды намазханаға айналдыру туралы шешім қабылдауда. Біздің заңымыз бойынша мемлекет дін істеріне араласпайды. Дегенмен, біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының осы үрдіске бізбен бірге атсалысып жатқанын құптаймыз», - деді агенттік төрағасы.