Дін істері комитеті ҚМДБ жанындағы теологтардың ғана уағызын тыңдауға кеңес берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин мәлім еткендей, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанында 32 мықты теолог маман бар және солардың уағызын тыңдауға болады. Бұндай пікірін комитет төрағасы бүгін «Дін саласындағы өзекті мәселелерді жариялау жөніндегі ақпараттық жұмыстың қағидалары мен басымдықтары» атты дін саласындағы мәселелерді БАҚ-та жариялау бойынша журналистерге арналған тренинг барысында журналистердің сұрағына жауап бере отырып, мәлім етті.

Ал, «Нұрлы білім» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рүстем Сыздықов болса, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына кірмейтін, болмаса, республикалық түсіндірме-насихат жұмыстарына қатысты жоқ адамдардың қазақ тіліндегі, болмаса, орыс тіліндегі уағыздарын тыңдауға болмайтынын мәлім етті.

«Уағыз тыңдаудың ең дұрыс жолы - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтында суреттері мен аты-жөндері тұрған Қазақстан мұсылмандары дін басқармасының негізгі ғалымдарын тыңдау. Бұдан басқа Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына кірмейтін, болмаса, республикалық түсіндірме насихат жұмыстарына қатысты жоқ адамдардың қазақ тіліндегі, болмаса, орыс тіліндегі уаңыздарын тыңдауға болмайды», -деп атап өтті.