Дін істері министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы БҚО-ға келді
Топ мүшелері осы орайда өңір активімен кездесті. Онда облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың атап өткеніндей, дін мәселесі қазіргі таңда өте өзекті болып отыр. Соның ішінде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында жұртшылықтың кеңінен қатысуымен пәрменді іс-шараларды қолға алудың маңызы зор.
Жиында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің дінтану сараптамасы басқармасының басшысы, теология ғылымдарының докторы Балғабек Мырзаев Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдар аралығына жоспарланған мемлекеттік бағдарлама аясында атқарылған шаралар мен қазіргі таңдағы діни ахуалға тоқталып, деструктивті діни ағымдардың алдын алу қажеттігін атап көрсетті.
«Ақтөбеде болған оқиғадан кейін қаладағы дәстүрлі емес діни бағытты ұстанатын азаматтармен әңгімелестік. Ресми дерек бойынша сәләфилік ағымда жүргендердің саны 16 мыңға жуық деп жүрміз. Зерттеу нәтижесінде Ақтөбе облысының өзінде 4-5 мыңдай тұрғын сәләфилік бағытты ұстанатыны белгілі болды. Діни экстремистік және радикалды ағым жетегінде жүргендердің 85 пайызға жуығының арнайы діни білімі жоқ. Біздіңше, қазақстандықтардың жаппай жат ағымға кетуінің негізгі екі себебі бар. Біріншіден, діни сауаттылығының төмен болуынан, екіншіден, әлеуметтік желі арқылы таралатын үгіт-насихат әсерінен деструктивті ұйымдар шырмауына түсуде», - деді Б.Мырзаев.
Сол секілді республикалық дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығының христиандықты және дәстүрлі емес діни ағымдарды зерттеу бөлімінің басшысы Галина Новикова және басқа мамандар өз ой-толғамдарымен, іс-тәжірибелерімен бөлісті. Мысалы, 2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңы қабылданғаннан кейін елде діни бірлестіктердің қайта тіркелгені белгілі. Егер соған дейін 46-дай діни конфессияға жататын 5 мыңнан астам діни бірлестік болса, қазіргі таңда 18 конфессияға кіретін 3 мыңнан астам діни ұйым бар. Бұл ретте көптеген діни ұйымдар сенімдерінің ортақтығына байланысты біріктірілді. Дегенмен бұдан жұмыс азайып отырған жоқ.
Кездесу барысында деструктивті және дәстүрлі емес діни ағымдарға тосқауыл қою бағытында кеңестер беріліп, қатысушылардың сауалдарына жауап берілді.
Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің қатысуымен сондай-ақ «Жайық Пресс» ЖШС-да «Дін және БАҚ» деген тақырыпта семинар-кеңес өткізілді. Оған өңірде дін тақырыбында жазып жүрген журналистер қатысып, пікір алмасты. Онда Балғабек Мырзаев журналистерге көмек ретінде арнайы жинақтар шығарылғанын жеткізсе, Галина Новикова Қазақстанда тіркелген діни ұйымдарға тоқталды. БҚО дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығметов бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыстың жақсарып келе жатқандығын атап көрсетті. Газеттер мен электронды БАҚ-тарда жұмыс жасайтын 25 адамнан құралған облыстық журналистер пулы өз тиімділігін көрсете бастады. Соның нәтижесінде тұрғындарды деструктивті діни ағымдардан сақтандыру мақсатында материалдар жиі жариялануда. Айталық, биылғы тоғыз айдың өзінде 2 мыңнан астам ақпараттық материал басылған. Радиобағдарламалар өз алдына, БҚО дін мәселелерін зерттеу орталығының тапсырысы негізінде 2,284 млн. теңге бөлініп, облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінде арнайы беттер шығарылуда. Журналистердің белсенділігін арттыру бағытында өткен жылдан бері «Руханият» шығармашылық байқауы ұйымдастырылып келеді.
Мамандар, ең бастысы, қауіпті діни ұйымдарға көп болып қарсы тұрудың маңыздылығын атап өтті. Бұл бағыттағы іс-шаралар одан әрі жалғаса бермек.