Дін қоғамдағы үйлесімді өмірге ықпал етеді - Рим Папасы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін елордадағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінде Рим Папасы Франциск ұзақ уақыт бойы дінге күдік тудырған қауесеттерді ысырып қоятын уақыт жеткенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлем бізден рухани тазалықты, сананың тазалығын күтеді. Бұл тұрғыда шынайы діндарлыққа үміт артып отыр. Фундаментализмнен, кез келген сенімді бұрмалайтын және бұзатындардан алшақтайтын, оянатын кез келді. Жүрегімізді таза етіп, жанашырлық танытуымыз маңызды», - деді Рим Папасы.

Оның пайымынша, әлемде тым ұзақ уақыт бойы дінге деген күдік пен менсінбеушілік тудырған бос сөзді ысырып қоятын уақыт жетті. Бұл негізсіз пікірлер дін қазіргі қоғамның тұрақсыздануына ықпал етеді деген қауесетті таратып келді.

«Бұл жердегі мемлекеттік атеизмнің мұрасы жақсы белгілі. Атеизм ондаған жылдар бойы тамырын жайып келді. Сол кезде дін сөзі адамдар үшін проблемаға айналатын еді. Шын мәнінде, дін - проблема емес. Керісінше, бұл қоғамдағы үйлесімді өмірге ықпал етеді», - деді Понтифик