Дін көшбасшыларының келесі съезінде «Астана» халықаралық сыйлығы табысталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының келесі съезінде «Астана» халықаралық сыйлығы табысталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.



ҚР Дін істер және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арынның айтуынша, «Астана» халықаралық сыйлығымен бірге Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің Құрмет медалі беріледі. Аталған марапаттар дінаралық диалогқа қосқан үлесі үшін табысталады.

 

«Бұл медальдардан үміткерлерге қойылатын нақты талаптарды енгізу туралы ортақ шешім бар. Атап айтқанда, үміткерлердің дінаралық және өркениеттер арасындағы диалогқа өз үлестерін қосуы тиіс. Олардың рухани үндестікті нығайту жолында белсенді жұмысы да ескеріледі. Үміткер Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кем дегенде үш съезіне, сондай-ақ ұйым хатшылығының отырыстарына қатысуы қажет», - деді Арын.

 

Хатшылықтың бүгінгі отырысында «Астана» халықаралық сыйлығы мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің Құрмет медаліне үміткерлердің тізімін алдағы жиындарда әлі де талқылау ұсынылды.

 

«Бұл ұсынысты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев соңғы съезде жасаған болатын. Енді, ол сыйлыққа осында отырғандар ие болады», -деді хатшылық басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Айта кетейік, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының XVI отырысына Бэдфорд епископы Ричард Аткинсон, «Сомаия Бхаратия Санскрити Питам» үнді мәдениеті орталығының директоры Калай Дхананджей Ачария, Әл-Азхар Жоғарғы имамының сыртқы байланыстар жөніндегі кеңесшісі Әбділрахман Мұса, Сауд Арабиясы Корольдігі Ислам, вакуфтер және үндеу істері жөніндегі министрінің кеңесшісі Абдулла ибн Фахд Әл- Лхидан, Иран Ислам Республикасының мәдениет және исламдық байланыстар жөніндегі ұйым президентінің орынбасары Гахраман Солеймани, Исламабад халықаралық ислам университеті Исламды зерттеу институтының бас директоры Мұхаммад Зия Уль-Хак, «Нұр-Мүбәрак» Мысыр Ислам университетінің ректоры Гоуда Басиуни, метрополиті Эммануил Адамакис, Армян Апостол шіркеуінің украиндық епархиясының жетекшісі Маргос Оганесян, Қасиетті Престолдың дінаралық диалог жөніндегі Папа кеңесінің Исламмен байланыс бөлімінің меңгерушісі Халед Акаше, РФ Дінаралық кеңесінің атқарушы хатшысы Дмитрий Сафонов, Израильдің Бакашкеназийлік раввинінің өкілі Элияху Хавлин, Қытай буддистері қауымдастығы төрағасының орынбасары Ху Сюэфэн, Дүниежүзілік буддизм университетінің ректоры Анил Ман Сакья, Моңғолияның Буддизм орталығының Гандан Тэгчэнлин монастырінің далай ламасы Хунхур Бямбажав, Орталық Азиядағы «Чогечон» кәріс буддистік ұйымының өкілі Янг Ки Хун, «Джинджя Хонче» халықаралық байланыстар дерпартаментінің директоры Катсуджи Ивахаши, Дүниежүзілік бейбітшілік елшісі кеңесінің Бас хатшысы Пичаи Товивич, БҰҰ Өркениеттер альянсының директоры Мэтью Ходс пен ҚР Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан Маямеров қатысты.