Елбасының бастамасымен қолға алынған Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының алғашқы съезі 2003 жылы өткен болатын. Содан бері әр 3 жылда бір рет тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
V съезд басталған күннен бастап екі пленарлық және төрт секциялық отырыстар өткізілді. Алқалы жиында ұлтаралық және конфессияаралық татулық пен келісімді қамтамасыз ету тетіктері кеңінен талқыланды. Кеше, 10 маусымда Астана уақыты бойынша сағат 11.00-де съездің «Діни көшбасшылар мен саяси қайраткерлердің бейбітшілік және даму жолындағы диалогы» тақырыбындағы пленарлық отырысы өтіп, онда ағымдағы әлемдік жағдайларды есепке ала отырып, діни және саяси көшбасшылардың ынтымақтастығын күшейту, халықаралық деңгейдегі дағдарыс жағдайларын талқылау мен еңсеру мәселелері жан-жақты сөз болды. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі аясындағы Дін лидерлері кеңесінің ІІ отырысында сөйлеген сөзінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ең алдымен Астанада өтіп отырған 5-і съезд жұмысына қатысуға келген барша делегация басшыларына алғысын жеткізді. Сондай-ақ, съезд аясында оның жалпыәлемдік рухани-адамгершілік құндылықтарды арттырып, діндер мен мәдениеттер арасындағы өзара түсіністік пен келісімді нығайтатынына сенім білдірді. - Бүгінгі жаһандық даму әлемдік конфессияаралық диалогтың осындай тетігіне сұраныстың артып отырғанын көрсетіп отыр. Өткен соңғы съезден бергі үш жылда әлем адамдар арасында діни ерекшеліктер бойынша алауыздық тудыратын жаңа қатерлермен бетпе-бет келіп жатыр, - деді өз сөзінде Елбасы Н.Назарбаев. - Біріншіден, әскери ішкі қақтығыстар саны артты. Онда тараптар адамдардың діндік айырмашылық факторларын белсенді түрде қолданып жатыр. Осындай қақтығыстардың бірі - Йеменде, мұсылмандар үшін қасиетті саналатын, ислам әлемінің бесігі - Мекке мен Мәдина маңында орын алып жатқаны алаңдатпай қоймайды. Бірқатар экстремистік топтардың акциялары түрлі конфессияны ұстанушылар арасында да жанжалдар тудыруда. Азия мен Африкадағы қоғамдарды жікке бөліп жатыр. Украина шығысындағы қала мен ауылдардағы атыстарда храмдардың бүлінуі туралы хабарлар да алаңдатпай қоймайды. «Ислам мемлекеті» аталып жүрген жаһандық терроризм формасы да қатерін өршітуде. Лаңкестер Ирак пен Сириядағы мәдени құндылық пен мұраларды, мыңжылдық өркениеттер ескерткіштерін қиратуда. Олар интернет арқылы айуандық әрекеттерін таратуда. «Әлемдік әлеуметтік желілер діндер мен дін қызметкерлеріне қарсы толассыз шабуылға толып кеткенін көрмей қалуға болмайды. Әлемдік діндердің барлығы да сабырлылыққа, шыдамдылық пен ұстамдылыққа шақыруда, адамдар арасында қақтығыстарды тоқтатып, бейбітшілік пен келісімге үндейді.
Әлемнің басқа діндері секілді ең толерантты діннің бірі - бұл ислам. Исламды терроризм мен экстремизмнің кез-келген формасын ақтап алу үшін пайдалануға ұмтылу көріністері де орын алып отыр. Бұл - дінді қорлаушылық. Мен бүгінгідей күрделі заманда барлық дін қайраткерлерін өздерінің уағыздарында бейбітшілікке, толеранттылық пен кешірімге шақыруды еселеуге үндеймін. Бірлікті сақтап, оны бағалайтын кез-келген халық өлмейді, ол ұлы халық», - деді Н.Назарбаев. Бұл ретте Елбасы Қазақстан халқы да өзінің бірлігі арқасында дамып отырғанын, бұл әлемнің озық отыз елінің ең жоғары құндылығы екенін атап өтті. «Біз қазір сын-қатерлі кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан діндердің қарым-қатынасында кемеңгерлікті айрықша назарда ұстауымыз керек. Қоғамдағы әрбір адамның діни және мәдени ұстанымына қарамастан, сыйластықпен қарау керек. Бүгінгі отырыс бейбітшілік пен бауырластық жолындағы ниеттестігімізді білдіреді. Осы жылдары дамып келген біздің достық пен ынтымақтастық, сондай-ақ Астанада тұрақты өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының диалогы әралуандық адамзат қоғамының байлығы бола алатындығын көрсетіп отыр», - деді дінаралық диалог жөніндегі Папа кеңесінің президенті кардинал Жан-Луи Торан Дін лидерлерінің кеңесі ХХІ ғасырдағы адамзаттың рухани қайта түлеу авторына айнала ала ма? Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі аясындағы Дін лидерлері кеңесінің екінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Бұл үшін біз қазақстандық мемлекеттік және халықтық дипломатияның әлеуетін пайдалануға ниеттіміз. Біз Сіздердің Қазақстанға осыншама сенім көрсетіп отырғандарыңызға ризашылық білдіреміз. Рухани өзек ретіндегі діннің адам санасына әсер ететін рөлі шексіз. Сондықтан да, Дін лидерлерінің кеңесі ХХІ ғасырдағы адамзаттың рухани қайта түлеу авторына айналады деп сенемін. Кеңес өз жұмысының өзекті бағыттарының бірі ретінде діни экстремизм мен терроризмге қарсы күреске бастама жасай алады деп ойлаймын», - деді. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 5-ші съезіне қатысушыларға Қазақстанның шақыруын қабыл алып келгендері үшін рзашылығын білдірген Елбасы: «Осы күндердің ішінде сіздердің тілектеріңіз, әр діндердің Қазақстанға айтып жатқан тілектері Алланың алдында қабыл болсын дейміз, көңілдеріңіз үшін де рахмет айтамыз. Біз жаңа мемлекет ретінде көп шаруаны бітіріп, ядролық қарудан азат мемлекет құрып, көпұлтты, көпдінді мемлекеттің басын құрап, жаңа қоғам құрып жатқан елміз», - деді. Сондықтан Мемлекет басшысы Қазақстанға деген сенім діндердің арасынан, халықтардың арасынан өте көп екендігіне ризашылық танытты. «Осы миссияны көтеріп жүргеніміз өзімізге қуаныш деп санаймыз. Дүниежүзіндегі бірлікке, бейбітшілікке, дінаралық татулыққа Қазақстан өз үлесін қосып келеді. Қоса береді де. Сіздердің бізге көрсеткен сенімдеріңізге мен ризамын. Съезд жұмысына табыс тілеймін», - деді ҚР Президенті. Астанада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі барысында сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев барлық БАҚ-ты конфессияаралық араздық тудырмауға шақырды. «Интернетті қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарының барлық түрлері адамдар арасындағы конфессияаралық араздықты тудыру практикасын тоқтатуға шақырамын. Адамдардың санасын көтеру керек. Бұл бағытта өздерін төртінші билік деп санайтын барлық баспалар мен бұқаралық ақпарат құралдары қожайындарының моральдық жауапкершілігін көтеру қажет деп санаймын», - деп атап өтті Мемлекет басшысы. «Әлемде әскери және ішкі қақтығыстар күрт артып отыр. Украинаның шығысындағы соғыс еуропалық жаһандық қауіпсіздіктің деңгейін айтарлықтай төмендетуде. Батыс Африкадан Ауғанстанға дейінгі аралық қарулы қарсыластықпен басып алынған», - деп атап өтті Президент. Елбасы «Ислам мемлекеті» жаһандық желімен жасақ жинау арқылы өзінің қатарына әлемнің түрлі елдерінен жастар тартып отырғандығын, оның құрамындағы содырлар жантүршігерлік жаппай өлім жазасын орындап жатқандығын сынға алды. «Менің ойымша, біз баршамыз бірігіп, осындай қадамға және дінді жамылып мұндай зұлымдықтарды жасауға қарсы ортақ пікірді айтуымыз керек. Олар Ирак пен Сириядағы көп ғасырлық мәдени мұраны қасақана бұзып жатыр. Осы әрекеттердің барлығы адамгершілікке қарсы актілер», - деді Н.Назарбаев. «Мемлекет пен қоғамға кедейшілік, аштық, эпидемия мен жұмыссыздық, табиғат апаттары, техногендік катастрофалар проблемаларын шешуге күш-жігерін біріктіру аса өзекті. Мұның барлығы бүгінгі әлем үшін қауіпсіздіктің жаңа архитектурасының бір бөлігіне айналуы шарт. Бүгінгі заманауи дәуірдегі оқиғалар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін жаһандық рухани дипломатияның маңызды элементіне айналдырып отыр», - деп атап өтті Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар, Елбасы делегациялар басшыларына, өз діндерін ұстанушы барша қауымға конфессияаралық диалогты дамытуға үндеуге шақырды. «Мен барлық саясаткерлер мен қоғам қайраткерлеріне өздерінің күш-жігерлерін, мүмкіндіктерін соғыстар мен жанжалдарды тоқтатуға, жаһандық саясатта өзара сенімді қалпына келтіруге шақырамын. Съезд жұмысы мәдениеттер, діндер арасындағы диалог тәжірибесін байыта түсетініне сенімдімін», - деді Н. Назарбаев. Елбасы өз сөзінде әлемдегі барлық дін ұстамдылыққа, шыдамдылыққа, зорлық-зомбылыққа бой алдырмауға, келісімге шақыратындығын атап өтті. «Қасиетті Құранда: «Қандай да бір адамды өлтірмеген, жер бетінде бұзақылық жасамаған жанды нақақ өлтірген адам, барша адам баласын өлтіргенмен тең» деген сөз бар. Мұндай үндеу христиандық жаңа Інжілде де айтылады», - деді ол. Сонымен қатар Мемлекет басшысы көне үндістандықтардың упанишадында да адамды адамгершілікке шақыратындығын атап өтті. «Онда «шөпті жұлғанда, ғаламшар тітіркенеді» делінген. Адамның сүйіспеншілігін, рақымшылығын, қайырымдылығын оятар болса, нағыз дін сол», - деді Н.Назарбаев. Астана дінаралық саммиті 12 жыл ішінде қазіргі заманның іргелі мәселелері кеңінен талқыланатын бірегей жаһандық диалог алаңына айналды. Бұл пікірді бүгін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 5-ші съезінің жалпы отырысында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев білдірді. «12 жылдың ішінде Астана дінаралық саммиті шын мәнінде қазіргі заманның іргелі мәселелері кеңінен және жан-жақты талқыланатын, адамзаттың тұрақты дамуының оңтайлы моделі қарастырылатын бірегей жаһандық диалог алаңына айналды», - деп атап өтті ол.