Дін министрі деструктивті діни идеологияға қарсы жолды қалыптастыруға шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда кез келген деструктивті діни идеологияны мүлде қабылдамау жолын қалыптастыру керек. Бұл туралы Қазақстан дінтанушыларының VII форумында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Форум жұмысына орталық мемлекеттік органдардың басшылары және өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, дінтанушы-ғалымдар, елдегі жоғары оқу орындарындағы дінтану кафедраларының тәжірибелі оқытушылары, ғылыми қызметкерлер мен діни бірлестіктер және ҮЕҰ-лардың  өкілдері қатысты. Шараның пленарлық отырысында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев заманауи кезеңдегі дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың негізгі бағыттарына тоқталды.

«Қоғамда кез келген деструктивті діни идеологияны мүлдем қабылдамауды қалыптастыруымыз керек. Бұл жерде бірлік пен жалпы ұжымдық күш-жігер маңызды. Елбасы мен мемлекеттік саясатты қолдау тек қана сөзбен емес, күнделікті мінез-құлықта, іс-әрекетте, тіпті сыртқы бейнесінде көрінетінін әр азамат өз жақындарына,таныстарына түсіндіруі қажет», - деп атап өтті  Н.Ермекбаев.

 

Министрдің айтуынша, жекелеген азаматтар мемлекет ұстанымына қолдау білдіре тұра, нормативтік құқықтық актілерді бұзады.

«Заң талаптарына қарамастан өздерінің діни бірлестіктерін тіркеуден, діни уәждерімен екпе егуден, қан құюдан бас тартады. Интернеттен шетелдің радикалды дін уағыздаушыларының дәрістерін жүктеп таратады. Елбасымыздың Қазақстан халқына және салт-дәстүрлеріне жат сыртқы көріністерге жол бермеу туралы айтқандарына қарамастан,  басқа елдерге тән қара киім кию, жағымсыз, мұртсыз сақал қою, қысқа шалбар киюді жалғастыруда», - деді  Нұрлан Ермекбаев.

Еске сала кетейік, Астана қаласында «Қоғамдық сананы жаңғыртуда дін саласындағы мемлекет саясатының рөлі» атты Қазақстан дінтанушыларының  VII  форумы  өтуде. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған форумның мақсаты - дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру үшін ғылыми және сарапшылар қауымдастығын және  ҮЕҰ-лардың  өкілдерін бірлесіп жұмыс істеуге шақыру.