Дін министрі Қоғамдық кеңестер жұмысындағы проблемаларды атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда Қоғамдық кеңестердің қызметіне кері әсерін тигізетін бірқатар мәселе бар. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, таяуда Қоғамдық кеңестердің бірінші республикалық мәжілісі өтті. Онда 500-ден астам делегат өзекті мәселелерді талқыға салып, оны жетілдіру бойынша нақты ұсыныстарымен бөлісті. 

«Біріншіден, қоғамдық кеңестердің қызметіне кері әсерін тигізетін мәселелердің бірі - оның сапалық құрамы. Талдау жұмыстары кеңестердің сапалық құрамының, әртүрлі сала өкілдіктері мен санаттарының біркелкі еместігін көрсетті. Екіншіден, қажетті қаржыландырудың болмауы Кеңестердің өз мақсаттарына жетуіне қиындық туғызуда деген пікірлер айтылды. Алайда, бірқатар сарапшылар керісінше, Кеңестерді мемлекеттік қаржыландыру олардың автономиялық сипатынан айырып, қызметтің тәуелсіздігін жоғалтуға әкеп соғуы мүмкін деген пікір айтты», - деді министр.

Дегенмен, Нұрлан Ермекбаевтың пікірінше, жекелеген бюджеттік шығындарды қарастыру қажеттілігі бар. Мәселен, аймақтарға шығу іссапарлары мен кеңсе шығындарын мемлекеттен қаржыландырған жөн.

«Үшіншіден, кеңес мүшелерінің пікірінше, қарастырылатын нормативтік-құқықтық актілер санының артуынан, кеңестердің жұмыс көлемі ұлғайған. Сонымен қатар, нормативтік-құқықтық актілермен жұмыс жүргізу үшін арнайы білім мен салалық біліктілік қажет. Осыған орай, құқықтық актілерді қарастыруды кеңес мүшелерінің өз шешіміне қалдыру мүмкіндігін беру керек»,-  деді ол.

Сонымен қатар министр Кеңес қызметі,  әсіресе, Кеңестер құрамына конкурстар туралы ақпараттың бұқаралық ақпарат құралдарында жетіспеушілігі байқалатындығын айтты.

«Жалпы, жоғарыда аталған мәселелерді Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының сарапшылары да өз ұсынымдарында бірнеше рет атап өткен болатын»,- деді Ермекбаев.