Дина Таңсәрі Черногорияда ұсталды және Қазақстанға экстрадициялануы мүмкін

Фото: Фото: facebook.com/dina.tansari.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Зорлық-зомбылық құрбандары туралы ақпарат тарататын «НеМолчиKZ» қорының басшысы Динара Смайылова (Дина Таңсәрі) Черногорияда ұсталды және таңға дейін уақытша ұстау изоляторында болады.

Бұл туралы Динараның өзі және қор өкілдері хабарлады.

− Мені жаңа ғана ұстап, Подгорицаның (Черногория астанасы — ред.) полиция бөліміне әкелді. Ертең экстрадиция бойынша сот өтеді. Бұл соттың қандай шешім шығарарын білмеймін, бірақ таңға дейін мені Черногория полициясында ұстайтынын айтты. Жалпы, ертең соттың шешімі белгілі болады. Мені не үшін ұстағанын білмеймін. Мені жай ғана сотқа әкелуге болар еді, бірақ таңға дейін осында ұстағылары келіп отыр. Достар, сіздердің қолдауларыңызды сұраймын. Мұның бәрі немен аяқталарын білмеймін, бірақ мені экстрадицияламайды деп үміттенемін, − деді ол әлеуметтік желідегі бейнеүндеуінде.

Осы орайда ҚР Сыртқы істер министрлігі Kazinform агенттігіне берген жауабында бұл іспен Интерпол айналысатынын айтты.

Еске сала кетсек, 2023 жылы 27 желтоқсанда Ішкі істер министрлігі құқық қорғаушы, «Не молчи» қорының басшысы Дина Таңсәріге іздеу жариялады.

Алматы қаласының, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының полиция департаменттері оған қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату, жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу фактілері бойынша 6 қылмыстық іс қозғап, тергеп жатыр. Оның ішінде екі іс — алаяқтық бойынша.