Дина Таңсәріні қылмыстық жауапқа тарту бағытындағы жұмыс жалғасады – Бас прокуратура

Фото: Фото: ҚР Бас прокуратураның баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Бас прокуратура «НеМолчи.kz» қорының жетекшісі Дина Таңсәріні (Динара Смайылованы) қамауға алуға қатысты түсініктеме берді.

- 2024 жылғы 14 сәуірде Черногорияда Қазақстан Республикасының азаматы Динара Смаилова (Дина Таңсәрі) ұсталды. Ол бір топ белгісіз адамдармен алдын ала сөз байласып, қазақстандық азаматтардың сеніміне кіріп, олардың ақшасын алаяқтық жолмен иемденді деген күдікке ілінді. Қазір Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының полиция департаменттері тарапынан азамат Динара Смаиловаға (Дина Таңсәрі) қатысты алты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Аталған істер жалған ақпарат тарату, жеке өмірге қолсұғылмаушылықты бұзу және екі алаяқтық фактісі бойынша қозғалды, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ ресми ақпаратта нақты қандай жағдайға қатысты іс қозғалғаны айтылған.

- Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті тергеп жатқан алаяқтық ісі аясында 2023 жылғы сәуірде Динара Смаилова Өскемен қаласында кәмелетке толмаған қыздың өз-өзіне қол жұмсағаны туралы жалған ақпарат жариялағаны анықталды. Ол содан кейін марқұмның отбасына көңіл айтқан жазбалар жариялады. Алайда бұл жарияланымдардың жалған екені анықталды – шын мәнінде, суицид болмаған, жәбірленушіге қатысты бұзақылық фактісі бойынша іс сотқа жолданған. Соған қарамастан, Д. Смаилова жәбірленушіге адвокат жалдау үшін ақша жинайтынын жариялап, сот процесі барысында 20 миллион теңгеден астам қаражат жинаған. Оның тек аз бөлігі іссапар шығындарына жұмсалған. Сотта адвокат қызметін жәбірленуші тарап төлегені белгілі болды. Бұл жайт айыпталушылардың қорғаушылары тарапынан наразылық тудырып, шағым түсіруге себеп болды, - дейді Бас прокуратурадан.

Одан бөлек, алаяқтық дерегі бойынша Алматы облысы полиция департаменті қылмыстық іс қозғаған. Д. Смаилова жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған кәмелетке толмаған балаға көмек көрсету үшін ақша жинау туралы жалған жазба жариялап, жұртшылықты адастырып, жұбайының Kaspi картасына қаражат жіберуді сұраған. Тергеу барысында аталған отбасында зорлық-зомбылық фактісі расталмаған. Бірақ банктік мәліметтерге сәйкес, Динара Смаилова бірнеше миллион теңге жинап үлгерген.

- Сот санкциясымен алынған банктік деректерді талдау барысында Д. Смаилова коммерциялық емес ұйымдар туралы заң талаптарын бұзып, аударылған ақшаны жұбайының жеке картасына қабылдап отырғаны анықталды. Сонымен қатар, шетелде қаражатты өз қажетіне жұмсаған. Сондай-ақ, «Немолчи» қорының негізін қалаушы ретінде Динара Смаилова әлеуметтік желідегі «nemolchikz_official» парақшасында тұрмыстық және жыныстық зорлық-зомбылық құрбандарына материалдық көмек көрсетіледі деген жалған мәліметтер жариялау арқылы қазақстандық азаматтардан заңсыз түрде ақша жинаған. Қазір 7 азамат құқық қорғау органдарына алданғандарын айтып, шара қолдануды сұрап жүгінді, - деп жазылған мәлімдемеде.

Осылайша Бас прокуратура Динара Смаилованың әрекеттері ҚР Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (аса ірі көлемде бірнеше рет жасалған алаяқтық) бойынша сырттай сараланып, оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкциялады. Кейін оған халықаралық іздеу жарияланды.

Сонымен қатар хабарламада Ішкі істер министрлігі Интерпол ұлттық орталық бюросының (қылмыспен күресте Интерполға мүше мемлекеттердің ішкі істер органдарымен халықаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін құрылымдық бөлімше) желісімен Динара Смаилованың Черногорияда жүргені анықталып, Бас прокуратура аталған елдің уәкілетті органдарына оны экстрадициялау туралы сұраныс жолдағаны айтылған.

- Алайда, Қазақстан мен Черногория арасында экстрадиция туралы халықаралық келісім болмағандықтан, Динара Смаилованы беруден бас тартылды. Сот шешіміне қарамастан, Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары оны қылмыстық жауапкершілікке тарту бағытында жұмысын жалғастырады, - деп отыр Бас прокуратура.

Осы орайда ведомство Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайтынын ескертеді.

Еске салсақ, полиция 2023 жылы Дина Таңсәріге іздеу жариялады. 

Кеше Дина Таңсәрінің Черногорияда ұсталғаны және Қазақстанға экстрадициялануы мүмкін екендігі туралы жазған едік.

Бүгін белгілі болғандай Черногория билігі Дина Таңсәріні қамаудан босатты.