Дина Ысқақова: «KAZsport» телеарнасы алдағы маусымда көрермендерін жаңа жобаларымен қуантпақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде Бразилияда төрткүл дүние көз тіккен жаһандық доп додасы өтіп жатыр. Қазақстандық жанкүйерлер де бұл спорттық мерекеден тыс қалып жатқан жоқ. Үш бірдей телеарна тартысқа толы кездесулерді тікелей эфирден беріп отыр. Спортсүйер қауымның ықыласына бөленіп жүрген осы арналардың бірі - «KAZsport».

2013 жылдың 1 шілдесінде республикадағы және шетелдердегі негізгі спорттық оқиғаларды қамтуды көздеген «KAZsport» алғашқы ұлттық спорттық арнасы екі тілде хабар таратуды бастады. Көрермен назарына тәулігіне бірнеше рет спорттық жаңалықтарды, бағдарламалар мен деректі фильмдерді ұсынумен шымылдығын ашқан телеарнаның басты мақсаты - нақты ақпараттарды дер кезінде жеткізуден басқа, салауатты өмір салтын, ел спортшыларының қол жеткізген жетістіктерін насихаттау, бұқаралық спортты қолдау, халықтың спорт саласындағы білімін арттыру болды. Эфирге жол тартқанына небәрі 1 жылдың жүзі енді болған телеарнаның бүгіні мен болашағынан хабардар болмаққа біз белгілі журналист, «қазақтың спорт журналистикасының атасы» атанған Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты, «KAZsport»» телеарнасының бас редакторы Дина Ысқақованы әңгімеге тартқан едік.

- Ең алдымен, 1 жылдық тойларыңыз құтты болсын! Әрине, қазақстандық спорттық телекеңістікке тыңынан түрен салған телеарна үшін бұл тым аз уақыт. Десек те, алғашқы қадамдарыңыз неден басталды? - Әрине, телеарнаның жұмысына баға беру үшін 1 жыл тым аз. Дегенмен, Қазақстанның телевизия тарихында алғаш рет ашылған мемлекеттік спорттық арна осы уақыт аралығында біраз еңбектер атқарды. Егер бұған дейін жанкүйерлеріміз ұлттық құрама сапындағы өздерінің сүйікті спортшылары туралы тек газет беттерінен немесе интернеттен хабардар болып отырса, бұл жолы оларға «KAZsport» арнасы арқылы тікелей эфирде демеу болуға мүмкіндік туды. «KAZsport» арнасының ең алғашқы эфирінде шетелден келген «Тур де Франс» көпкүндігінен бірінші сигналды қабылдадық. Қатты қобалжыдық, алайда 21 күнге созылған жарысты ойдағыдай көрсетіп шықтық. «Тур де Франстың» алғашқы жарысы өткеннен кейін он бес минуттан кейін Иорданияда өткен бокстан Азия біріншілігінен сигнал қабылдап, сол чемпионаттың басынан аяғына дейін ұлттық құрамамыздың аяқ алысы, жарыс барысы туралы тікелей эфирде хабар таратып отырдық. Яғни, «Астана» велокомандасының жетістіктерін көрсетумен қатар, Қазақстанда нөмірі бірінші спорт түрі саналатын бокстан ұлттық құраманың өнерін паш етуді де жөн көрдік. - Көрерменге көзайым болар қандай бағдарламалар мен жобаларды ұсыну жоспарда бар? - Осы кезге дейін бас-аяғы бір жылдың ішінде екі мыңға жуық трансляция жасаған екенбіз. Әрине, оларды таңдау барысында біз ең алдымен өзіміздің спортшыларымыз қатысатын жарыстар мен елімізде насихатталуы қажет деп табылған дамып келе жатқан спорт түрлерін көрсетуді мақсат еттік. Одан бөлек, арна ашылған күннен бастап деректі фильмдер топтамасын көрсете бастадық. Жақсылық Үшкемпіров, Әбілсейіт Айханов, Дәулет Тұрлыханов, Бақтияр Артаев, Бекзат Саттарханов сынды спорт саласындағы майталмандарымыз туралы көрнекті фильмдер жасалды. Тағы бір бастамамыз, қандай бір себептермен Қазақстаннан шетел асып кеткен спортшыларымызды іздеуді қолға алдық. Түсірілім тобымыз Мәскеуге барып Қазақстаннан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, баскетболшы, КСРО еңбек сіңірген спортшысы, спорт шебері Әлжан Жармұхамедовпен жүздесті. Германия мен Швецияға барып қазақстандық шаңғышы, 1994 жылғы Олимпиада чемпионы, төрт дүркін әлем чемпионы, КСРО бірнеше дүркін чемпионы Владимир Смирновтың алғашқы бапкерлерін таптық, әйгілі спортшының өзімен де сұхбаттастық. Дүлдүл велошабандоз, 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Александр Винокуров туралы фильм жасалды. Жуырда ғана түсірілім тобы Америкада екі аптаға жуық іссапарда болып, телеарнаның туған күніне орай спорттық гимнастикадан бес дүркін Олимпиада чемпионы Нелли Ким туралы «Біздің Киманелли» деректі фильмін алып келді. Оның тұсаукесері дәл осы 1 шілде күні болды. Бокссүйер қауымның назарынан тыс қалған, тіпті есімі ұмытылып бара жатқан кәсіби боксшымыз Василий Жировтың Америкадағы үйіне арнайы ат басын бұрдық. Жалпы, көрермендер үшін теңіз асып келген тосын тартуымыз - Америкадан әкелінген үш фильм осы тамыз айында эфирге жол тартады. Сондай-ақ бірер ай бұрын хабарлағанымыздай, жанкүйерлеріміздің назарына Ағылшын премьер-лигасының толық нұсқасын ұсынамыз. Ал қазіргі уақытта Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтетін 17-ші Азия ойындарының көрсетілімі жөнінде келісімге қол жеткіздік. Ұлттық құрама қатысатын спорт түрлерін көрсету кестесі әзірленіп жатыр. Биыл тамыз айында Қытайдың Нанкин қаласында өтетін жастардың жазғы Олимпиада ойындарын көрсету жөнінде де келісімдер жасасудамыз. Көрермендеріміз тек спорттық шараның өзін ғана тамашалап қана қоймайды, спортшылардың көңіл-күйлері, дайындықтары қалай, бас бапкерлерімен сұхбат, спорт басшыларымен сұхбат сияқты эксклюзивті материалдарды эфирге беріп отырамыз. - Дүбірлі дүние бір айдан бері көз тігіп отырған Бразилиядан футболдан әлем чемпионатынан тікелей хабар тарату үшін арнайы түсірілім тобын аттандырдыңыздар.... - Бразилиядағы футболдан әлем чемпионаты біздің арна үшін үлкен сын болды. Біз бұған дейін арнайы келісім бойынша бүкіл әлем көз тіккен үлкен шара - Сочи Олимпиадасын көрсеттік. Ал әлем чемпионатынан хабар таратуды қолға аларда «осымыз қалай болар екен?» деп ой мазалаған сәттер де болды. Қызметкерлеріміздің кәсіби біліктілігіне үлкен сенім арттық, олар сенімді ақтады деп ойлаймын. Сөйтіп, Қазақстан телевидениесінің тарихында алғаш рет «KAZsport» арнасының комментаторлары ауқымды додаға - Бразилияға барып, футбол өтіп жатқан стадионнан тікелей эфирде ақпарат жеткізіп отырды. Бұл елден 80-ге жуық арнайы сюжет жасалды, оның барлығы дерлік көрермен көңілінен шығарлықтай болды деп ойлаймын. Әдетте теледидардан жанкүйерлер трансляцияны көрген кезде жарыстың қалай басталғаны мен аяқталғанын ғана көреді. Ал стадионның сыртындағы ахуалдан, спортшылардың қалай дайындалып жатқанынан мүлдем бейхабар қалады, біз осы жағын да қамтып қалуға тырыстық. «Бет-ауыздарын бояп алып, арнайы тігілген костюмдер киіп жүретін жарысқа беріліп кеткен фанаттардың мақсаты не?», «жалпы ол үрдіс қайдан пайда болған?» сынды көрермен үшін қызықты сауалдарға да жауап табуға талпындық. Бразилиядан жалпы саны 32 матчқа тікелей эфирде комментарий жасалды. Онда аттанған екі түсірілім тобының алғашқысы Қазақстанға оралды, екінші топ үшінші орын үшін өтетін ойын мен финалдық Аргентина-Германия құрамаларының ойынын көрсетіп, құдай қаласа, 15-16 шілде күндері келеді. - Отандық спортшыларымызды қолдау, еліміздегі спорт саласын көркем дүниелермен байыту ісі қандай деңгейде? - Қазақ спорты саңылақтарға бай. Өткен, қазіргі, болашақтағы спортшыларымыз туралы деректі фильмдер түсіру үрдісін жалғастыра бермекпіз. Атап айтқанда, қазіргі таңда «Сіз қайда жүрсіз?» және «Где вы чемпионы?» атты бағдарламамыз бар. Онда біз спортшы ретінде әлемдік, халықаралық аренада ел намысын қорғап, дәл қазір үлкен спортпен қоштасып, басқа салаға кеткен, болмаса осыдан 20-30 жыл бұрын аты дүркіреп тұрып, бүгінде ұмыт қалған спортшыларды іздеп тауып, олардың қазір қай бағытта, нендей іспен айналысып жүргендері туралы көрерменді қызықтыратын әрі толыққанды мәліметтер жеткізуге тырысамыз. Бұл бағдарлама алғашқы эфирге шыққан күннен бастап-ақ көрсетіліп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Бүгінге дейін 94 бағдарлама жасалды, демек, қазір бұрынғы 94 спортшымыздың қайда екендіктерінен хабардармыз. Қазір жаңа бағдарлама - «Алға, жеңімпаздар!» жобасын қолға алып жатырмыз. Онда әр спорт түрлерінен халықаралық жарыстарға жол тартып бара жатқан ұлттық құрамалар туралы, олардың жарыс алдындағы дайындықтарының барысын, тыныс-тіршіліктерін көрсетеміз, бас бапкерлерімен сұхбаттар жасаймыз. - Телеарна эфирінде бүгінгі таңдағы спорт саласында өзекті деп табылатын тағы қандай тақырыптар қамтылмақ? - «KAZsport»-тың негізгі бөлігі жарыстарды трансляциялауға берілгендіктен, бағдарламалар саны тағы арта түседі демей-ақ қояйын. Бірақ негізгі тақырыптарға міндетті түрде көңіл бөлеміз. Оның ішінде мүгедектер спорты назарымыздан тыс қалған емес. Бұған дейін біз «Өз биігім» бағдарламасын эфирге шығарсақ, осы жаңа маусымнан бастап тек паралимпиадашылар ғана емес, жалпы Қазақстандағы мүгедек спортшылар туралы «Жігер жеңісі» - «Спорт без границ» атты екі тілде таратылатын бағдарламаны әзірлеп жатырмыз. Оның бірінші хабары 20 шілде күні эфирге жол тартады. Ол кісілердің өмірге деген құлшынысын, ерік-жігерін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сондықтан көрермен қауым «KAZsport» арнасының эфирінен табылып, сол бағдарламаны көріп жатса, сол спортшыларға деген қолдау арта түседі деген ойдамыз. Сонымен қатар жақын арада ауыл спорты мен балалар спортына көңіл бөлінетін бағдарламалар дүниеге келеді. Сондықтан жан-жақты қамтып жатқан шығармыз деп ойлаймын. Әрине, көп дүние жасағымыз келеді. Жас мамандардан құралған ұжымымыздың ойға алған идеялары жетерлік. Алдағы уақытта «KAZsport» көрермендері үшін тың тақырыптарға ізденістерін жалғастыра бермек. - Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлнәр Жомартова