ЫСТАНБҰЛ. ҚазАқпарат - Бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында бүгін, 12 мамырда қазақстандық Дина Жоламан алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Түркияның Ыстанбұл қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық боксшы Дина Жоламан (54 келі) испаниялық Мария Мадуэньо Кондемен қолғап түйістірді. Жекпе-жек оның айқын басымдығымен аяқталды. Төрешілер бірауыздан Динаның жеңісіне қолдау білдірді.
Осылайша Дина Жоламан 1/8 финалға жолдама алды.
Айта кетсек, ол 2016 жылы әлем чемпионатында алтыннан алқа таққан еді.
Енді күндізгі сессияда Римма Волосенко (60 келі) англиялық Шона Уитуэллмен жекпе-жекке шығады.
Кешкі сессияда Дариға Шәкімова (66 келі) өзбекстандық Навбахор Хамидовамен кездеседі.
Әлем чемпионатына еліміздің атынан 12 боксшы барды.
Еске салсақ, бүгін күндізгі сессияда Назым Қызайбай жарыс жолынан шығып қалды.
Сондай-ақ, одан бұрын Аида Әбікеева (63 келі) мен Надежда Рябец (75 келі) қарсыластарына есе жіберіп қойды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.