«Динамо» спорт қоғамы балаларға қуаныш сыйлады

АЛМАТЫ. 31 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда дәстүрлі «Динамо» Қазақстан бүлдіршіндеріне» қайырымдылық шарасы өтті.

Оны «Динамо» дене шынықтыру спорт қоғамы»  биыл қалалық ішкі істер департаменті мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығымен бірлесіп ұйымдастырды. Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған бұл шараға Алматыдағы  №1 және  Алматы облыстық №2 балалар үйінің тәрбиеленушілері мен  №5571 әскери бөлімше қызметкерлерінің, ауған соғысы ардагерлерінің, қызметін өтеу кезінде қаза тапқан ішкі істер органдарының балалары және жағдайы төмен отбасыдан шыққан 260-тан аса жеткіншектер қатысты.  Олардың барлығына ұйымдастырушылар спорттық киімдер мен сыйлықтар табыс етіп, тәтті сусындар таратып берді. Мерекелік шара  Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы студенттерінің концертімен басталды. Сондай-ақ «Динамо» спорт қоғамының спорт үйірмелеріне қатысатын жас спортшылар қоян-қолтық ұрысынан, таэквондо, көгалдағы хоккей мен  күрес түрлерінен қойылымдық көрсетілімдер қойды. Одан кейін түрлі спорт түрлері бойынша жарыстар өтіп, үздіктер сый-сияпатқа ие болды.