Динамошылардан Олимпиада ойындарында 12 спорт түрінен медальдар күтіледі
Осыған орай «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы Спорт басқармасы бөлімінің бастығы Николай Князевты әңгімеге тартқан едік.
- 2008 жылы Бейжіңде өткен ХІХ жазғы Олимпиада ойындарында динамошылар ел қоржынына 11 жүлде салған еді. Сіздің пайымыңызша, бұл жолы олар 4 жыл бұрынғы жетістігін қайталай ала ма?
- Бейжіңмен салыстырғанда Лондондағы жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын спортшыларымыздың саны аз болғанмен, сапасы өте жоғары. Әрине бокстан өзге спорт түрлерінен ең соңғы сәтке дейін құрамада түрлі өзгерістер болуы мүмкін. Мәселен Қытай астанасындағы дүбірлі додада құрама сапындағы 132 спортшының 63-ін динамошылар құраған болатын. Олар онда 14 спорт түрі бойынша бақ сынап, 2 алтын, 4 күміс, 5 қола медаль олжалады. Атап айтқанда, боксшы Бақыт Сәрсекбаев пен ауыр атлет Илья Ильин Олимпиада алтынын олжалады. Ауыр атлетикадан Анна Важенина мен Ирина Некрасова, еркін күрестен Таймураз Тигиев, дзюдодан Асхат Жіткеев күміс жүлдегер болды. Сондай-ақ грек-рим күресінен Нұрбақыт Теңізбаев пен Әсет Мамбетов, еркін күрестен Марид Муталимов, таэквондодан Арман Шілманов және ауыр атлетикадан Мария Грабовецкая қола жүлде еншіледі. Бұл жолы динамошылардан спорттың 15 түрі бойынша 64 спортшы жолдама алып отыр.
- Құрлықтың ең мәртебелі бәсекесінде биыл кімдерге ерекше үміт артасыз?
- Жалпы бокстан өзге спорт түрлерінде спортшылар құрамы ең соңғы сәтке дейін өзгеруі мүмкін. Біз бұл Олимпиада ойындарында 12 спорт түрінен медаль күтеміз. Атап айтқанда, бокстан - астаналық Данияр Елеусінов (64 кг), маңғыстаулық Әділбек Ниязымбетов (81 кг), қостанайлық Иван Дычко ( +91 кг). Әйелдер боксынан - алматылық Саида Хасенова (60 кг) мен астаналық Марина Вольнова (75 кг). Жеңіл атлетикадан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері онсайысшы қарағандылық Дмитрий Карповқа, грек-рим күресінен астаналық Алмат Кебіспаев ( 60 кг) пен Олимпиада ойындарында Қазақстан туын ұстаушы Алматы облысының өрені Нұрмахан Тінәлиевке (120кг) үлкен үміт артамыз. Еркін күрестен Олимпиаданың күміс жүлдегері батыс қазақстандық Таймураз Тигиев (96 кг), павлодарлық Дәулет Шабанбай (96 кг) мен Алматы облысынан - Дәурен Жұмағазиев (60 кг). Әйелдер күресінен астаналдық Жұлдыз Эшимова (48 кг), дзюдодан қарағандылық Максим Раков (100 кг), алматылық Сергей Лим (66кг), байдарка мен каноэда есуден алматылық Наталья Сергеева (К1-500 м), батысқазақстандық Алексей Дергунов пен оңтүстікқазақстандық Евгений Алексеев жұбына (К-2 1000 м) үміт артылуда. Ауыр атлетикадан Олимпиада чемпионы қызылордалық Илья Ильин мен Алмас Өтешов (94 кг), Алматы облысынан Майя Манеза (63 кг), Зульфия Чиншанло (53 кг), Светлана Подобедова (75 кг), ақмолалық Анна Нұрмұхамбетова (69 кг), таэквандодан оңтүстікқазақстандық Нұрсұлтан Мамаев (58 кг), велошосседен Асан Базаев пен Александр Винокуров, көркем гимнастикадан астаналық Анна Алябьева мен спорттық гимнастикадан алматылық Степан Горбачев, семсерлесуден алматылық Эльмир Алимжанов пен Дмитрий Алексанин, жүзуден солтүстікқазақстандық Владислав Поляков, астаналық Екатерина Руденко, оқ атудан астаналық Ольга Довгун жүлделі орыннан басты үміткерлер санатында.
Жалпы Бейжіңдегі жазғы Олимпиада ойындарында құрама қоржынына 2 алтын медаль түскен болатын. Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасы бұл жолы оның үшеу болатынын айтты. Әрине, алға қарай бір қадам жасау құптарлық іс. Меніңше оған мүмкіндік бар.
- Агенттік төрағасы Талғат Ермегияев бұл бәсекеде жеңімпаздар мен жүлдегерлерге берілетін сыйақының айтарлықтай ұлғайғанын хабарлады. Бұл Қазақстан құрамасының спорттық нәтижесіне өз үлесін қоса ала ма?
- Иә, Лондонда Олимпиада чемпионы 250 мың доллар, күміс жүлдегер 150 мың доллар, қола жүлдегер 75 мың доллар сыйақы алатын болды. Жалпы сыйақының көлемі жағынан біз қазір әлемде үшінші орында тұрмыз. Бұл спортшыларға үлкен көмек.
- Әңгімеңізге рахмет!