Динара Сәдуақасова Астана шахмат федерациясының президенті болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Белгілі қазақстандық шахматшы, әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасова Астана шахмат федерациясының құрметті президенті атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: instagram.com/dinara.saduakassova

«Бүгін сіздермен жақсы жаңалықпен бөліспекшімін. Астана шахмат федерациясының құрметті президенті болып сайландым. Астана қалалық федерация президенті Абзал Сағымбаевтың ұсынысымен федерация құрылтайшылары мен атқару комитетінің қызметкерлері бірауыздан қолдады»,- деп жазды Динара Садуакасова Instagram парақшасында. Ол ФИДЕ спорт комиссиясында тәжірибесі бар ЮНИСЕФ-тің ізгі елшісі ретінде өз білімі мен энергиясын шахматтың көркеюіне барынша жұмсайтынын айтты.

Еске салайық, былтыр Динара Сәдуақасова рапидтен әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған болатын.