Динара Сафина Астанадағы жас теннисшілер үшін шеберлік жаттығуын өткізді

АСТАНА. 5 сәуір. ҚазАқпарат - Әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы Динара Сафина Астанадағы жасөспірім теннисшілер үшін шеберлік жаттығуын өткізді.

Атап айтқанда, бүгін Д. Сафинамен бірге бұл шараға ресейлік танымал теннисші Елена Лиховцева мен қазақстандық спортшылар  Диас Досқараев пен Юрий Щукин де қатысты.

Баспасөз мәслихатында Қазақстан Теннис федерациясының вице-президенті Әділ Бөрлібаев елімізде балалар спортын дамыту басты баыттардың бірі екендігін айтып өтті.

«Танымал теннисшілердің қатысуымен болған осындай семинарлар жасөспірімдер спорты үшін елеулі психологиялық рөл атқарады. Бүгінгідей белгілі шеберлермен балалар тиісті деңгейде жаттыға отырып, бұл спорт түрімен айналысудың болашағы бар екенін түсінеді»,-деді ол.

Танымал спортшылардан сабақ алуға 5-16 жас аралығындағы 45 жасөспірім қатысты.

Ертең Динара Сафина мен Елена Лиховцева «Gorky Tennis Park» теннис орталығында алматылық жас спортшылар үшін шеберлік-жаттығуларын өткізеді деп күтілуде.