Динара Сафина теннистен жаттықтырушы болуға әзірге дайын емес

None
АСТАНА. 5 сәуір. ҚазАқпарат - Әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы Динара Сафина теннистегі үлкен жауапкершілікке байланысты әзірге жаттықтырушы болуға дайын емес.

Бұл жайында ол бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында айтты.

«Шынын айтсам, мен бұл жайында әлі ойланған емеспін. Бұл үлкен жауапкершілік. Мәселен, шеберлік жаттығуларына келіп, ойын өрнегін көрсетіп, бағалы кеңестер айту - ол бір мәселе. Ал жаттықтырушы болу үшін тиісті жоспарлар керек болады. Бұл бағытта бүгінгі және ертеңгі жұмыстардың нақты тізбесі қажеттілік етеді. Меніңше, кез келген кәсіби теннисші бұл қадамға жауапкершілікпен, байыппен келеді. Сондықтан да мен жеңіл-желпі  түрде «жаттықтырушы болғым келеді»  деп айта алмаймын. Менің ойымша, осыған алдымен дайындалу керек»,-деп түсіндірді ол.

Айта кетейік, бүгін Астанада Д. Сафина жас теннисшілер үшін шеберлік жаттығуын өткізді.

Танымал ресейлік теннисші Д. Сафина арқасынан алған жарақатынан өзінің спорттық мансабын тоқтатуға мәжбүр болды. Естеріңізге сала кетейік, оның ағасы Марат Сафин де бұл тартысты додада әлемнің бірінші ракеткасы атағына ие болған еді.