Динара Зәкиева: «Әділет» партиясының жарғысы мен бағдарламасы қоғам талқысынан өтті

АСТАНА. KAZINFORM — «Әділет» партиясының жарғысы мен бағдарламасы қоғамда кеңінен талқыланып, азаматтар тарапынан көптеген ұсыныс түскен.

Фото: zakiyevadinara/ instagram

Бұл туралы Саяси кеңес құрамының мүшесі, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева мәлімдеді.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Оның айтуынша, партия бағдарламасы ұйымның негізгі идеялық ұстанымдарын айқындайды. Құжатта әділеттілік, патриотизм, жауапкершілік, еңбекқорлық және прогресс басты құндылықтар ретінде белгіленген.

— Құжаттар тиісті құқықтық сараптамадан өтіп, бекітуге дайын. Жарғы мен бағдарлама жобалары партияның ресми сайтында жарияланып, қоғам талқысына ұсынылды. Нәтижесінде азаматтардан көптеген пікір мен ұсыныс келіп түсті, — деді Динара Зәкиева.

Сондай-ақ ол құжаттарды жан-жақты талқылау мақсатында бірқатар стратегиялық сессия ұйымдастырылғанын айтты.

— Біз барлық өңірден, түрлі сала мен ұйымнан келген делегаттармен пікір алмастық. Түскен ұсыныстар мен ұсынымдар ескеріліп, партияның алдағы бағдарламалық құжаттарын әзірлеу барысында пайдаланылатын болады. Ең бастысы, ортақ талқылаулар әріптестеріміз бен делегаттардың құндылықтары мен болашаққа деген көзқарасы бір екенін көрсетті. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады, — деді ол.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Саяси кеңес құрамы мүшесінің айтуынша, партия жарғысында ұйымның құқықтық мәртебесі, мақсат-міндеттері, құрылымы, мүшелерінің құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ басқару және бақылау тәртібі нақты айқындалған.

Айта кетейік, «Әділет» партиясының құрылтай съезінде саясаттанушы Марат Шибутовта өз ойын білдірді.