«Хатшылықтың келесі отырысын 2023 жылдың қыркүйек айында елордамызда өткіземіз. Сонымен қатар келесі съезді 2025 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткізетін боламыз. Ортақ шешіміміз бар», - деді Мәулен Әшімбаев съезд хатшылығының ХХ отырысында.
Бүгінгі отырыс барысында съезде қабылданатын Декларация жобасы мақұлданды. Сонымен қатар хатшылық отырысының хаттамасы қабылданды.
Айта кетейік, 14-15 қыркүйекте Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өтеді. Съезге 50 елден 100-ден астам делегация, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің өкілдері, сондай-ақ саяси және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйымдар мүшелері қатысады.
Алдағы діни форумның ерекшелігі Рим Папасы Францисктің, әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайебтің, Иерусалим Патриархы Теофил III, Ашкеназдың бас раввині Давид Лаудың, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосифтің және басқа да діни жетекшілердің, сондай-ақ бірқатар халықаралық ұйымдардың өкілдерінің қатысуы болады.
Рим Папасы Франциск 14 қыркүйекте елордада месса өткізеді. Оған 3 мыңға жуық адам қатысатыны күтіледі.