Діндер съезі қазіргі әлемдегі күрделі кезеңде, дағдарысты жағдайда өтіп жатыр - ҚР Президенті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Рим Папасы Францискті елорда әуежайында қарсы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Рим Папасы Францискпен елорда әуежайында кездесті.

Кездесу рәсімі барысында мемлекеттер басшылары бір-біріне екі елдің делегация мүшелерін таныстырды. Содан кейін Қазақстан Президенті мен Католик шіркеуінің басшысы президенттік терминалдың Каминді залында қысқаша әңгімелесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Рим Папасына ілтипат білдіре отырып, оның Қазақстанға келуге шешім қабылдағаны үшін шын жүректен алғыс айтты.

– Бұл оқиғаның тарихи маңызы бар екені сөзсіз. Сіздің сапарыңыз, ең алдымен барша қазақстандықтың назарын аударатынына кәміл сенемін. Сіздің сапарыңыздың аясында мемлекеттік аппараттың, азаматтық қоғамның, дипломатиялық корпустың және БАҚ-тың өкілдері қатысатын іс-шара өтеді. Барлығы Сіздің сөйлейтін сөзіңізді асыға күтіп отыр. Сіздің Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысуыңыз – зор маңызы бар оқиға. Сіздің шараға арнайы қатысуыңыз аталған форумның табысты болуына үлкен септігін тигізеді. Жиын қазіргі әлемдегі күрделі кезеңде, дағдарысты жағдайда өтіп жатыр деуге болады, – деді Президент.

Кездесуден кейін жоғары мәртебелі қонақтың кортежі Ақордаға бағыт алды.


Фото: akorda.kz