***
«Егемен Қазақстан» басылымы Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының азаматтық некеге қатысты айтқан пәтуасы туралы жазады. Бұл пәтуа Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің ХІ отырысында қабылданғаны хабарланып отыр. «Соңғы кезде қоғамда ер мен әйелдің ерікті түрде бір-бірін сынау мақсатында некесіз қосылып, ата-ана, туған-туыстарына жарияламай ерлі- зайыпты болып бірге тұратын «азаматтық неке» ұғымы пайда болды. Кейбіреулер оны «еркін махаббат» немесе «іс жүзіндегі неке» деп те атайды. Алайда, некесі қиылмаған «азаматтық неке» шариғатта некесіздікке жатады. Себебі, АХАЖ бөлімінде ресми тіркелмей немесе мұсылманша неке қиылмай жақындасу зина ұғымына кіреді. Осылайша, екі тарап «ерлі-зайыпты болуға дайындық, тәжірибе» деген желеумен ауыр күнә болып саналатын зинақорлықты ақтауға тырысады. Негізінде, мұсылман шариғатында халал мен харам анық ажыратылып көрсетілген», деп жазады басылым. Ақпаратта азаматтық некенің шариғатқа қандай қайшылықтар келтіретіні анық жазылған. Сол қайшылықтың бірі - азаматтық некенің салдарынан дүниеге келген бала ойнастан туған болып есептеледі және дүниеге келген сәби шариғи тұрғыдан мұрагерлік, қамқорлық құқықтарынан айырылады екен. Бұл туралы толығырақ «Егемен Қазақстан» газетінде жазылған «Діни басқарма пәтуасы: «Азаматтық некеге» үкім қатал» атты мақаладан оқи аласыздар.
Семей полигоны қаншама адамның өміріне балта шапса да, суретші Кәріпбек Күйіковтің талантын тұншықтыра алмаған. Оның «Жарылыс» атты суреті жер жаһанды шарлап кетті. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит аяқталғанына аз ғана уақыт өтті. Оның аясында Президент Нұрсұлтан Назарбаев біраз мемлекет және үкімет басшыларымен кездесу өткізіп, жаһандық қауіпсіздікке қатысты маңызды құжаттардың талқылауларына қатысты. Бұған қоса, Елбасы АҚШ-тың саяси және қоғам қайраткерлерімен кездесіп, ол кездесулер сағаттарға созылған қайнаған пікірсайыс, ойжарыс, ізгілікке шақырған, адамзат баласына төнген жаһандық қауіп-қатердің бұлтын кері ысыратын жақсы отырысқа айналды. Осы жерде, Президенттің баспасөз хатшысы Дәурен Абаевтың айтуынша, кадрдан тыс қалған мынадай бір ерекше жақсы жайттар да болған.Саммит аясында Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Барак Обамаға сыйлық ұсынған. «Естеріңізде болса, - дейді Дәурен Абаев, - Елбасы Обамаға бұдан бұрын да, яғни 2012 жылы Сеулде қазақша тұмар сыйлаған болатын. Бұл жолы Президент саммит тақырыбымен үндес «Жарылыс» атты картинаны табыс етті»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Кадрдан тыс қалған бір кездесу сыры» атты мақалада. Картинаның авторы да жарылыстың зарын тартқан өлкенің ұланы Кәріпбек Күйіков болатын. Семей ядролық полигоны орналасқан жерден 100 шақырымда орналасқан Егіндібұлақ ауылының тұрғыны, жарық дүниеге қолы жоқ кәріп болып туған оның өз суреттерін қылқаламды тісімен немесе аяқтарының башпайының арасына қыстырып салатынын айтып тұрып АҚШ Президентіне табыстаған Елбасы Кәріпбектің бүгінде Қазақстан іске қосқан АТОМ халықаралық жобасының құрметті елшісі екендігінен хабардар еткен. Бұл туралы толығырық басылымның бүгінгі санынан оқи аласыздар.
***
«Айқын» газетінің хабарлауынша, прокуратура органдарында қызметке кірудің сынақ мерзімі 1 жылға ұзартылды. «Меритократия қағидаты бойынша бәсекеге қабілеттілік көрсеткіші енгізіледі. Мансаптық өсуге тоқталатын болсақ, бәсекеге қабілеттілік көрсеткіші жоғары қызметкерлер ғана қызмет бабында жоғарылайтын болады. Бұл көрсеткіш әрбір қызметкердің тиімді жұмыс жасап отырғанын көрсететін белгілі бір индикатор арқылы есептеліп шығарылады. Қолайлы моральды-психологиялық ахуал қалыптастыру мақсатында және жұмыстың сапасын арттыру үшін тұрақты түрде әлеуметтік мониторинг жүргізу институты енгізілді. Прокуратура органдарында қызметке кірудің сынақ мерзімі 1 жылға ұзартылды, бұл мерзім аяқталғаннан кейін мамандар аттестаттаудан өтетінін және бірінші сыныптық шен алады. Облыстық және аудандық деңгейдегі басшылар әрбір 5 жыл сайын жоспарлы түрде ротациялаудан өтеді және ротация жүргізілген қызметкерлерге міндетті түрде қызметтік баспана беріледі»,-деп хабарлап отыр басылым. Бұл туралы толығырақ басылымның бүгінгі санында жарық көрген «Сынақ мерзімі бір жылға ұзартылды» атты мақаладан оқи аласыздар.
***
Ал, «Экспресс-К» басылымының хабарлауынша, италяндық әнші, бірақ, соңғы кезде Қазақстанда ән айтып жүрген Сон Паскальдің ДНК-анализдерінде қазақтың қаны табылыпты.
«Сон Паскаль Апеннинға барып, «Мен сені сүйемін» клипін түсіріп келді. Сол жақта ДНК анализдерін тапсырған екен. Дәрігерлер қатты таңғалды, өйткені италья ұлтының қанынан басқа, қазақтың қаны табылды»,-деген әнші. Бұл туралы «Экспресс К» газетіндегі «Паскаль ищет казахского отца» атты мақаладан оқи аласыздар.