Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің кезекті отырысы болып өтті

АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Үкіметі жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің кезекті отырысы болып өтті. Жиында Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыс әкімдерінің орынбасарлары 2012 жыл бойынша Өңірлік кеңестердің атқарған қызметі жайында баяндады.

«Конституция бойынша мемлекет діннен бөлек. Бірақ, мемлекеттік мекемелер мен діни бірлестіктер арасындағы қарым-қатыстарды реттейтін облыс әкімдіктері және Үкімет жанындағы кеңестер жұмыс істеуде. Сонымен қатар, республиканың барлық аймақтарында конфессияаралық келісімді сақтау, мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы диалогты нығайтуды қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Өз кезегінде республиканың батыс аймақтарындағы діни ахуал аса күрделі болып отырғанын атап өту қажет», - деді жиынды ашып сөз сөйлеген Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф.

Шара барысында төрт облыс әкімдерінің орынбасарлары өңірлердегі діни ахуал жөнінде мемлекеттік органдарды хабардар етіп, конфессияаралық келісімді қамтамсыз ету және діни экстремизмнің алдын алу мәселелері бойынша атқарылып жатқан шаралары туралы есеп берді.

Сонымен қатар, ақпараттық-насихат жұмыстарын жетілдіру бағытында бірлесе атқарылатын нақты жоспарларға қатысты ұсыныстар айтылды.