Діни экстремистік бағыты үшін сотталғандардың көзқарасын өзгерту оңай емес - М.Әзілханов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Экстремистік көзқарастағы әрбір азаматпен ерекше жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілханов мәлім етті.

«Кезінде экстремизммен түрмеге отырып, оның ол жерде қалай отыратыны, ертең қоғамға қалай оралатыны, болмаса сол жерде жүріп, жанындағыларға қандай әсер ететіні үлкен әрі күрделі мәселе. Бұл Дін істері агенттігі мен басқа да мемлекеттік органдарының назарынан тыс қалмақ емес. Осындай әрбір азаматпен ерекше жұмыс жүргізіліп жатыр», - деді ол.

«Сенім-наным деген өте нәзік дүние, осы орайда адамдармен жұмыс жүргізгенде олардың көзқарастарын өзгерту айтарлықтай оңай шаруа емес. Сондықтан сондай азаматтармен күнделікті түсіндіру жұмыстары көптеп жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы шараларға ел өңірлеріндегі имамдар да қатысуда. Біздің басты мақсатымыз - осындай азаматтарымыз діни экстремистік ұстанымынан бас тартып, қоғамға араласқанда, бүлік шығармайтындай жағдайды қалыптастыру», - деді агенттік басшысы.

Сондай-ақ М.Әзілханов аталмыш жазамен сотталғандардың бір жерге шоғырланбағанын, олардың әр жерде жазаларын өтеп жатқандығын жеткізді.