***
«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында «Кемшілігі көп бюджет» деген тақырыппен мақала жариялады. Онда еліміздің Кеден одағына кіруі түсімдерді арттыру үшін оң алғышарттар жасағандығы айтылады. Алайда бұл салада да кемшіліктер бар екені белгілі болып отыр. Елімізден тауарларды әкету кезінде кедендік әкету баждарын төлеуден жалтару тәсілдерінің бірі аталған тауарларды еркін сауда аймағына шығарып, кеден баждары салынбайтын елдерге қайта экспортқа шығарып отырған. Квазимемлекеттік субъектілер қызметі де өткір сынға алынды. 2009 жылы 138 акционерлік қоғам мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің тек 69-ы ғана дивиденд төлеген. Сол 2009 жылмен салыстырғанда дебиторлық берешектің 1,6 есеге (45,8 миллиард теңгеге) өскені байқалады.
Сондай-ақ аталмыш басылымның бетінде қызылордалық Ержан Байтілестің «Тіл тақырыбын тым саясиландырып жібердік» деген мақаласы жарияланды. Автор онда мемлекеттік тілді дамытуға қатысты өзінің ойларымен бөлісе келе: «Барлап қарасаң, туған тілге жаны күйетін, ана тілін ардақтайтын адам көп сияқты. Биік мінберлерден қазақ тілінің қайғысын айтып, «құрдымға кетіп барады» деп үстел тоқпақтайтындар да жеткілікті. Қазақ тілі үшін қабырғасы сөгіле мақала сілтейтіндердің санына жете алмаймыз. Бүгінде тіл туралы ерінбегеннің ерні жыбырлайды. Жалқауға дейін жазады. Қысқасы, қазақ тіл саясиланып кетті»,-дейді.
***
«Талибтерді түрткілеген... төртеу». «Айқын» басылымының бүгінгі санында осындай тақырыппен мақала жарияланды. Онда «Талибан» экстремистік қозғалысы өзінің арнайы жолдауында Қазақстан Ауғанстанға әскер жіберген жағдайда оның аймақта жағымсыз салдары болатындығын ескерткендігі жазылған. Бұл жөнінде Reuters агенттігі ақпарат таратқан. Қазақстандық депутаттар ауған содырларының негізсіз ақпаратқа сүйенгендерін айтса, тәуелсіз сарапшылар қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырады.
Сондай-ақ осы басылымның хабарлауынша, Президенттің Жарлығымен таратылған Діни істер комитеті Үкімет құрылымындағы агенттікке айналды. Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қорының бастауымен сенбі күні бас қосқан ҚМДБ өкілдері, бұрынғы Діни істер комитетінің басшылығы, «Шәкірт» ислам оқу орындарының түлектері» қоғамдық бірлестігінің өкілдері мен журналистер қауымы дін саласында қордаланған мәселелерді талқылаумен қатар, діни істер агенттігінің болашағын да сөз етті. Сарапшылар агенттікті құрумен қатар, «Діндер туралы» заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет деген ойда. Аталмыш жиында көтерілген дінге қатысты осы және өзге мәселелер жөнінде «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Діни істер агенттігі құрылды, заң қашан өзгереді» деген мақаладан біле аласыздар.
***
«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «IPO-ны қайткенде жалпыхалықтық етеміз?» деген тақырыппен мақала жариялады. Аталмыш мақалаға «IPO-ны қайткенде жалпыхалықтық етеміз?» деген тақырыпта Алматыда өткен дөңгелек үстал отырысында көтерілген мәселелер арқау болған. Басылымның жазуынша, елімізде ұлттық компаниялардың акцияларын жергілікті қор нарығына шығару, әрі оның жалпыға бірдей қолжетімді болуы тұрғысынан саяси шешім қабылданған-тұғын. Ал Үкіметке 1 шілдеге дейін акциясы қор нарығына шығарылатын ұлттық компаниялардың тізімн нақтылау тапсырылған болатын. Дегенмен бұл идеяның жүген қақтырып, қамшы салдырмай еркін жүріске түсіп кетуі қиынға соғып тұр.
Сондай-ақ аталмыш басылым тарих ғылымының докторы, профессор Сейфулла Сапановпен болған сұхбатты жариялапты. Онда профессор әлемде орын алып отырған саяси оқиғалар мен дін мәселелеріне қатысты ойларын білдіре келе: «Ислам әлемінен қауіптенбеу керек. Меніңше, бұл идеологиялық кертартпа саясаттан қалған мұра сияқтанады. Бір жағынан, ислам мемлекеттері қазіргі кезде дамудың үлгісін көрсетіп жатқанын ұмытпаған дұрыс. Араб немесе ислам ренессансы дейміз бе, әйтеуір, қазір ислам әлеміне деген көзқарас бүкіл әлемде өзгеруде. Тіпті бұрындары дамыған Батыс мемлекеттерінің өзінде бұрын мұсылмандарға жабайы көзқарас болғаны рас. Ал қазір Батыстың жаңа технологиясын, мәдениетін меңгергендер - мұсылмандар»,-дейді. Аталмыш сұхбат «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Исламдық ұйымдарға деген кері көзқарасты қайта қарауда Қазақстан өз сөзін айтуы керек» деген тақырыппен беріліп отыр.
***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, кеше Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Мәжілісте өткен үкімет сағытында депутаттарды білім беру саласында орын алатын соны өзгерістер мен жаңалықтардан хабардар еткен. Б.Жұмағұловтың мәліметтерінше, соңғы 10 жылда білім және ғылым саласында бөлінген қаржы көлемі 7,5 есеге артқан. Бұл елдің ішкі жалпы өнімінің 4,2 пайызы. Ал биылғы жылы Білім және ғылым министрлігі жылда бөлінетін қаржыдан бөлек қосымша 22,5 миллиард теңге алатын болды. Бұл қаржы мектептердің құрылысы мен ұстаздардың жалақыларын арттыруға жұмсалмақ. Ұстаздар қауымына келесі жылдан бастап айлық жалақыларына 30 пайыздық үстемемен қатар тағы қосымша қаржы төленетін болады. Сондай-ақ министрлік 2015 жылға дейін елдегі студенттердің 80 пайызын жатақханамен қамтамасыз етпек. Үкімет сағатында көтерілген осы және өзге де мәселелер «Казахстанская правда» басылымында «В фокусе внимания образование» атты тақырыппен жарияланған.