Діни кітаптары бар шекара бұзушы ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сарыағаш шекара отрядына қарасты «Дархан» заставасының шекара жасағы мемлекеттік шекараны өзінің қалауынша бұзып өтуге тырысқан азаматты ұстады, деп хабарлайды ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.

Басқару пультіне сигнал түскен сәтте шекара заставасы «Дабыл» белгісі бойынша көтерілген. Аталған участокқа келіп жеткенде, шекарашылар қоршау шарбағын бұзып өткен әлдекімнің ізін байқады. Із бойынша қарағанда шекара бұзушы Қазақстаннан Өзбекстанға қарай кетіп бара жатқанға ұқсайды.

Көп ұзамай шекарашылар шекара бұзушыны ұстады. Ол 32 жастағы Өзбекстан азаматы болып шықты. Қалтасынан 530 АҚШ доллары, діни сипаттағы кітаптар табылды. Өзбекстан-Қазақстан мемлекеттік шекарасын 2012 жылдың қаңтар айында өткізу бекетінен тыс жерде кесіп өткендігі анықталды.

Аталған дерек бойынша ОҚО Сарыағаш аудандық прокуратурасы хабарландырылды.