Діни туризм уәкілетті орган келісімімен жүзеге асырылады - Наиб мүфтий Серікбай қажы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Діни туризм діни мәселемен айналысатын уәкілетті орган келісімімен жүзеге асырылады.

Бұл туралы бүгін елордада өткен «Қазіргі кезеңдегі экстремизм мен терроризмнің алдын алу мен жолын кесудің заңнамалық және институционалдық шаралары» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысы аясында ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген «Хазірет Сұлтан» мешітінің бас имамы, наиб мүфтий Серікбай қажы айтты.

«Талқыланып жатқан заң жобасында біздің діни ұстаным мен көзқарасымызға байланысты, жалпы азаматтық тұрғыдан алып қарағанда діни сенім мәселесіндегі шектеуді көріп отырған жоқпыз. Өйткені, біз 1992 жылдан кейін алғаш рет 2011 жылы  Қазақстандағы діни бірлестіктер жайындағы заңды қабылдаған едік. Осы Заңда да бұл мәселелер ашық баян етілген. Дін ілімін таратуды, миссонерлік жұмыстарды айқындап беретін міндетті түрде діни бірлестік өкілі және олардың діни ілімді тарату үшін белгілі орындары болуы керек деген мәселелер сол Заңда айқындалған», - деді ол.

Екіншіден, бас имамның айтуынша, Қазақстанға келетін діни әдебиеттерді жекелеген азаматтар өзінің қажетінен, қолдануынан артық әкелетін болса, онда міндетті түрде сараптамадан өткізу керек деген талап енгізілуде.

«Үшінші мәселе - діни туризм. Оның мақсаты - қажылық пен ұмыра. Қазақстанда қажылық пен ұмырамен  белгіленген бір мекеме айналысу керек деген талап жоқ. Сондықтан қажылық пен ұмыраны Қазақстандағы жекелеген туристік операторлар жүзеге асыра беретін. Енді діни туризм мемлекеттік діни мәселемен айналысатын уәкілетті  органның және республикалық діни бірлестік келісімімен солардың ережелерімен жүзеге асырылатын болады. Себебі ұмыраға, қажылыққа барып, сол жақта 2-3 ай дәріс алып, елге келгеннен кейін басқа ағымдарды насихаттау фактілері бар», - деді наиб мүфтий Серікбай қажы.