Оны Халықаралық Қонаев қорының президенті Елдар Қонаев ҚазАқпарат тілшісіне Дінмұхмед Ахметұлының қайтыс болғанына 18 жылы толуына орай өткізілген еске алу апталығы кезінде айтты.
«ҚР Президенті Жарлығы бойынша көрнекті қайраткерлердің 100 жылдық мерейтойын атап өтуге қатысты шаралар арнайы Үкімет қаулысы бойынша жүзеге асады. Сондықтан Халықаралық Қонаев қоры мен оның туыс-туғандары мен жақындары Мәдениет министрлігіне Д. Ахметұлының 2012 жылы 100 жылдығын атап өтуге байланысты өз жобасын ұсынған болатын. Олар өз тарапынан былтырғы жылдан бастап осы шараға байланысты барлық министрліктер мен облыстардан ұсыныс-тілектер жинады. Қазір ол қою үшін Премьер-Министрдің қарауында жатыр», - дейді Елдар Асқарұлы. Оның айтуынша, Халықаралық Қонаев қорының құрметті президенті Сұлтан Жиенбаевты қабылдаған кезде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз пікірін білдіріп, Дінмұхамед Қонаевтың 100 жылдығына дайындықты бастау керек деп қала әкімдігіне нұсқау берген. Қазіргі таңда ҚР Ұлттық банкі Дінмұхамед Қонаевтың 100 жылдығына арналған ескерткіш шақаның нұсқасы жасалып, ол мақұлданған. Сондай-ақ Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілетін жаңа фильмнің сценарийі жазылып жатыр. Ал Ақпарат және байланыс министрлігі келесі жылы Д.Қонаевтың 100 жылдығына орай «Өтті дәурен осылай», «Елу жыл ел ағасы» сияқты кітаптарды қайта басып шығармақ.
«Дінмұхамед Ахметұлы тұрған пәтерді жалпы жұртшылық әлі көре алмай отыр. Ал Д. Қонаев мұражай-үйінде жәдігерлерді экспозициялық жағынан ғана тамашалауға мүмкіндік жасалған. Енді пәтерін де мемориалдық музейге айналдыру жоспарланып отыр. Қазір онда менің кіші бауырым тұрып жатыр. Ал Қонаевтың жеке мұражайын ашу мәселесі әлі өз шешімін тапқан жоқ», - дейді Қазақстанның Омбыдағы Консулы боп жұмыс жасап жүрген Елдар Қонаев.