Бұл туралы бүгін Әлемдік және дәстүрлі діндер басшылары съезі хатшылығының ІХ отырысында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің қызметіне белсенді араласып жүрген әр конфессия өкілі мыңдаған, миллиондаған адамдардың аманаты, игі арманы мен асыл мұратын арқалап келеді. Ал қарапайым адамның арманы да мұраты да белгілі. Ол - әлемде баянды бейбітшілік орнату, қантөгісті тоқтату, діндер үндестігіне жол ашу. Аманаты - бірлік пен ынтымақта бақытты өмір сүру»,- деді Сенат төрағасы.
Бұл мақсаттарға қол жеткізудің бір ғана жолы бар екеніне тоқталған ол, «ол үшін діни төзімділік, конструктивті диалог пен өзара сенімді орнату қажет. Діннің негізі бұрмаланбай, ол туралы ілім саясат пен идеология құрбаны болмауы керек. Бұл - өте жауапты миссия. Ал оның жүзеге асуы бізден бар күш-жігерімізді біріктіруді талап етеді. Сіздерді соған шақырамын», деді.