Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында болып, түсіріліп жатқан, түсіріліп болған бірқатар киножобалармен танысты. Ұлттық кинематографияның майталмандарымен дидарласты. Толығырақ «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Кино - өмір, өмір - кино» деген тақырыппен берілген мақаладан оқи аласыздар .
«- Әлемдік дағдарысқа қарамастан, мемлекет отандық кинематографияға айтарлықтай қолдау көрсетіп келеді, - деп жазады осы тақырыпты жалғастырған «Казахстанская правда» газеті Елбасының «Қазақфильм» ұжымы алдында сөйлеген сөзіне жүгініп. -Жұмыс үшін қолайлы жағдай жасалды. Ендігі шаруа өздеріңде. Соңғы кездері бәрі тарихи тақырыпқа көп қызығады. «Көшпенділер» фильмнің өндірісіне ғана 30 миллиард доллардан астам қаражат жұмсалды. Бірақ өкінішке қарай, күткендегідей нәтиже болмады». Елбасының кино саласындағы ойларын аталған газеттің бүгінгі нөмірінен оқуға болады.
Осы тақырып «Айқын» газетінің назарынан да тыс қалмаған.
Мемлекеттік хатшы - сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың жаңа қызметтегі алғашқы ресми сапары теріскей беттегі ұлы көршіміз Ресейге жасалғаны қай жағынан да табиғи. Ал екінші сапарында жолы Ауғанстанға түскені қалай? «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Төрағаға тән тірлік, кең елге лайық ірілік» деген тақырыппен берілген мақала Қанат Саудабаевтың Ауғанстан Ислам Республикасына жасаған ресми сапарына тоқталыпты.
«Ұлт рухын танытқан». Осы тақырыппен берілген аталмыш басылымдағы келесі мақала Сауд Арабиясы мен Иорданиядағы Қазақ елі мәдениетінің күндеріне назар аударыпты .
***
«Дінтану негіздері» атты пән жалпы орта білім беретін мектептерде 1 қырқүйектен жүргізіле бастауы керек еді. Бірақ мамандарды дайындау қажеттілігі және оқулықтың тапшылығына байланысты, оқу жылының үшінші тоқсанына қалдырылған»,- деп жазған «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Дінтану негіздері» пәні қалай оқытылуы керек?» деген тақырыптағы мақала Білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен өткен «Дінтану негіздері» факультативін оқытудың өзекті мәселелеріне» арналған семинар туралы жазыпты .
Президентпен өткен тікелей желіге Денсаулық сақтау саласындағы мәселелер бойынша Қазақстан тұрғындарынан бірталай сұрақтар келіп түсті. Олардың басым көпшілігі ана мен бала денсаулығына байланысты болып отыр. «Айқын» басылымының бүгінгі санында Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев тікелей желі арқылы көпшілікті толғандырған сауалдарға берген жауаптары жарияланыпты.
***
Кеше Астана қаласында IV Азаматтық форум өз жұмысын бастады. Форумның пленарлық мәжілісіне Премьер-министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев қатысты. «Астана ақшамы» басылымының бүгінгі санындағы «Азаматтық қоғамның дамуы - елді демократияландырудың алғышартының бірі» тақырыбымен берілген мақала аталмыш мәжіліске тоқталыпты.
«Ойдың бәрі қасқыр ғой. 75-ке келгенде, өзің де көресің. Отбасың, қоғамың туралы ойлағанда, азу тісі сақылдаған қасқыр ойлар қамайды»,- дейді ақын Қадыр Мырза Әли. Аталмыш басылымның бүгінгі санындағы «Өлеңдерімнен Алашорданың нышанын таныған» тақырыбымен берілген сұхбатта ақын қоғамдық өмір жайлы қызықты ойларын ортаға салады.
***
«Америка, Қытай: қайсысының мысы басым?» Осындай сауалған құрылған «Алтын орда» апталығындағы мақала АҚШ президенті Барак Обаманың Қытай Халық Республикасына жасаған ресми сапарына тоқталыпты.
Сондай-ақ «Алтын орда» апталығының осы жолғы санында «Абайдан қалған қалам» аман болсын!» деген тақырыппен ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерманмен болған сұхбат жарияланыпты. Сұхбат санамызға ұлылық пен ұланғайыр ақпараттарды тоғыстырған қаламның құдіреті, және басқа да өзекті түйіндер жайында ой өрбітеді.
Шымкенттегі 52 жанар-жағармай құю стансыларының жұмысын тексерген комиссия соның он алтысының қызметінде заң бұзушылық бар бар екенін анықтады, деп жазады «Экспресс-К» газеті. Газет Оңтүстік Қазақстан облысындағы жанармай дағдарысы осы рыноктағы жекелеген қатысушылардың бәсекені белден басып, ымыраласып әрекет етуінің салдарынан туғанын хабарлайды.
«Арселор Миттал» АҚ -ның «Саран» шахтасындағы өткен жексенбіде шыққан өрт қауіпсіздік талаптарын сақтамаудың салдарынан болуы мүмкін. Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар басқармасы әзірге осындай болжам келтірген. Осы жөнінде жазған «Комсомольская правда-Казахстан» газеті өрт шыққан күні 151 шахтер қауіпсіз жерге көшірілгенін және жыл басынан бері осы кәсіпорынның сегіз шахтасында техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың 12861 дерегі тіркелгенін алға тартқан.
IV Азаматтық форумның жұмысына 550-ден аса делегат қатысты. Экономиканың осы бір үшінші секторы бүгінде енді-енді есейіп келеді деп санайды осы саланың өз өкілдері. Бірақ қазірдің өзінде экология, құқықтық сектор, мүгедектерді, балаларды қолдау секілді салаларда ҮЕҰ аяғынан нық тұра бастады. Астанада ашылған азаматтық форумның жұмысы жайында «Литер» басылымы жазған.