Аталмыш жоғары оқу орнының ректоры Махмуд Фахми Хиджази бүгін "Зерттеу университетіне трансформациялану аясындағы дінтанулықбілім»деп аталатын халықаралық ғылыми конференцияда осылай айтты. Бұл шара философия ғылымдарының докторы, профессор Нағима Байтенованың 60 жылдық мерейтойына арналған.
"Нағима Жаулыбайқызының еңбектері тек Қазақстан ғана емес алыс-жақын өзге шет елдерге де танымал. Ғалымның көптеген еңбектері Мысырда да жарияланған. Н. Байтенова Нұр-Мүбәрак Ислам мәдени университетінің жұмысына да айтарлықтай өз үлесін қосты. Исламда өзге дін өкілдеріне деген төзімділік таныту мен ынтымақтастықтың мысалдары көп. Жалпы 19-20 ғасырларда қалыптасқан мемлекеттік жүйелер отандастық және төзімділік қағидаттарымен құрылған", - деді Махмуд Фахми Хиджази. Оның айтуынша, Мысырдың білім жүйесінде және мемлекеттік мектептерде діни пәндер қарастырылған. Атап айтатын болсақ, білім беру жүйесінде христиан дініне де, ислам дініне де ортақ тақырыптар, олардың ішінде кеңестің қажеттілігі, әділдік, шыншылдық сияқты ұғымдар бар. Нұр-Мүбәрак Ислам мәдени университеті ректорының пайымдауынша, дінтануда сенімге, құлшылыққа қатысты тақырыптар мен діни оқулықтар бөлек қарастырылуы қажет.