Бүгін елордада өтіп жатқан «Адами капитал - Жаңа қазақстан дамуының негізгі ресурсы» форумында тілшілер министрден «диплом таратумен» айналысатын жоғары оқу орындарына қатысты қандай шаралар қабылданып жатқаны жайында сұрады.
«Бұған дейін Білім және ғылым министрлігі тек диплом таратумен айналысып жүрген ЖОО-ларды жабу бойынша ауқымды жұмысты атқарды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Қазіргі кезде 15-ке жуық сот ісі қаралып жатыр. Дегенмен бұл университеттер түгелдей жабылады дегенді білдірмейді», - деді С. Нұрбек.
Министрдің айтуынша, жоғары білім саласындағы сапа мәселесіне ерекше мән беріліп отыр.
«Министр ретінде бірінші кезекте білім сапасына жауап беремін. Жалпы, барша білім беру жүйесі бұл ұстанымға ерекше назар аударғаны жөн. Егер жоғары оқу орны министрлік айқындаған регламентке сай келмесе, біз бұл мәселені қатаң бақылауға аламыз», - деді ведомство басшысы.
Еске сала кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев диплом басып бере беретін жоғары оқу орындарын жабу қажет екенін айтқан еді.