Дипломаттармен кездесуде Н.Назарбаевтың Словенияға жасауы мүмкін сапарының егжей-тегжейі және экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның І отырысын өткізу мәселесі талқыланды

АСТАНА. 26 қаңтар. ҚазАқпарат - Словения Республикасы басшылығының шақыруымен ҚР елшісі Рашид Ыбраев осы елде тіркелген дипломаттардың жыл сайынғы кездесуіне қатысты.

Осы іс-шара аясында елші Словения Республикасының Президенті Данило Тюркпен, Премьер-Министр Борут Пахормен, сыртқы істер министрі Самуэль Жбогармен және тағы да басқа ресми тұлғалармен кездесті, деп хабарланған Венгриядағы ҚР Елшілігі таратқан баспасөз хабарламасында.

ҚР Елшісі Словения Президентіне Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың атынан Президенттің жаңажылдық құттықтауы мен ең ізгі тілектерін жеткізді.

Өз кезегінде Данило Тюрк былтырғы жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық аясында қол жеткізген Қазақстанның үлкен жетістіктерін атап өтті. Словения Президенті мен оның жұбайы Барбара Тюрк Қазақстанға жасаған сапарлары кезінде біздің Елбасымыз көрсеткен қонақжайлылықты және Астананы жылы көңілмен еске алды. Словения Президенті сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың Словенияға келуін асыға күтетіндігін жеткізді.

ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезіндегі Қазақстан мен оның сыртқы істер министрлігінің жетістіктері туралы Словения Республикасының сыртқы істер министрі С.Жбогар атап өтті. Ол сондай-ақ елшіге ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевқа деген құттықтаулары мен жаңа жетістіктер тілейтіндігін жеткізуді сұрады.

Словения Республикасы Президентінің кеңесшісі Т.Мишкова және экономикалық дипломатия және ынтымақтастықты дамыту басқармасының бас директоры В.Гашпаричевпен болған кездесу барысында Қазақстан Президентінің Словенияға жасауы мүмкін сапары мен экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-словения үкіметаралық комиссиясының алғашы отырысын өткізу мәселесі талқыланды.