«Дипломмен – ауылға»: павлодарлық 53 жас маман ауылды жерлерден үй сатып алды

Фото: Фото: pexels.com

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Биыл Павлодар облысында жас мамандарды тұрғын үймен қамтуға 1,4 млрд теңге бөлініп  отыр. Бұл қаражат 167 жас отбасының баспана сатып алуына жеткілікті.

Ертіс-Баян өңірінің жастары «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында ауылдық жерлерден үй сатып алып жатыр.

«Жас мамандарға тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін жалпы сомасы 1,4 млрд теңге болатын 167 бюджеттік несие беру жоспарланған. Сонымен қатар, жалпы сомасы 175 млн теңгенің 442 көтермеақысын үлестіру жоспарланған. Қазіргі уақытта жас мамандар жалпы сомасы 411 млн теңгеге 53 тұрғын үй несиесін рәсімдеп үлгерген. Бұған қоса 258 көтермеақы берілді», - деп хабарлады облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук.

Бұған дейін Павлодар облысында «Ауыл — ес бесігі» бағдарламасын өміршең етуге 9,1 млрд теңге бөлінгені туралы хабарлағанбыз. 

Бұл қаржы 56 жобаны жүзеге асыруға жеткілікті. Жоба шеңберінде халық саны 21 мың адамнан асатын 15 ауылды жаңғырту жоспарланған.