Disney 7 мың қызметкерін жұмыстан шығарады

ЛОС-АНДЖЕЛЕС. ҚазАқпарат – Disney-дің атқарушы директоры Боб Айгер компанияны ауқымды қайта құрылымдау аясында 7 мың жұмыс орнын қысқарту жоспарланып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC News-ке сілтеме жасап.


Жұмыстан шығару 5,5 млрд АҚШ долларын сақтап қалуға және Disney+ стриминг сервисінің табысын арттыруға бағытталған жоспардың бір бөлігі. Айта кетейік, бұл сервис 2019 жылы іске қосылды, сол уақыттан бері алғаш рет жазылушылар саны төмендеп кеткен.
Disney басшысы «шешім (жұмыс орнын қысқарту туралы) оңайға соқпағанын» мәлімдеді.
Боб Айгер қызметкерлерді жұмыстан шығару туралы шешімге былай деп пікір білдірді: «Әлем бойынша еңбек еткен қызметкерлеріміздің дарыны мен қайсарлығына құрметпен қараймын және бұл өзгерістердің салдары қандай боларын да түсінемін».
Солайша, Disney-дің әлем елдеріндегі 3,6% қызметкері жұмысынан айырылады.
Бұл ретте Disney өткен жылдың қазан-желтоқсан аралығында сатылым 8%, яғни 23,5 млрд АҚШ долларына дейін өскенін мәлімдеп отыр.
Бірақ Disney+ 1,5 млрд доллар шығын туралы айтып, жазылушылар саны 2,4 миллионға азайғанын, солай 161,8 миллионға дейін төмендеп кеткенін алға тартып отыр.
Қайта құру жоспары бойынша компания үш сегментте жұмыс істейді – ойын сауық, оған кино, теледидар мен стриминг желілері кіреді; ESPN спорт телеарнасы, сондай-ақ саябақтар, ойын-сауық пен Disney компаниясының өнімдері.
Осындай мәлімдемелерден кейін Disney акциясы кеңейтілген сауда-саттық барысында 5% артты.


Фото: PATRICK T. FALLON/AFP via Getty Images