Disney компаниясының кезекті фильмі қазақ тілінде сөйлейді

Фото: Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Disney компаниясы өз қаражатына «Аңдар шаһары 2» фильмін қазақ тілінде дубляждады. 

«Аңдар шаһары 2» фильмінің қазақ тіліндегі нұсқасында актриса, блогер Сабира Жарасқызы басты кейіпкерлердің бірі Джуди Хоппсты дауыстады. Актер Бақытжан Әлпейіс — Милтон есімді кейіпкерді, сондай-ақ Асан Мәжіт — Капитан Буйволсонды, Еркебұлан Дайыров — Дәу Мырзаны дыбыстады.

Фото: Kazinform

Анимациялық фильмнің дубляж режиссері болған Шах-Мұрат Ордабаев мемлекеттік тілдегі фильмдерге тек кинотеатрлар ғана емес, онлайн-кинотеатрларда сұраныс артқанын атап өтті. Айтуынша, жыл соңына дейін тағы бір фильм қазақ тілінде жарық көреді, ол — атақты режиссер Джеймс Кэмероннның «Аватар: от пен күл» фильмі.

Алайда Шах-Мұрат Ордабаев қазақ тілінде дыбысталған фильмдерге қатысты мәселе бар екенін де жасырмады. Оның сөзінше, кинотеатрлар қазақ тілінде дыбысталған фильмнің сеанстарын көбейтуден әлі де тартынады.

Фото: Kazinform

— Кинотеатрлар — жекеменшік кәсіп болғандықтан, олар бірінші кезекте табысты ойлайды. Бірақ халық қолдауы артса, жағдай өзгеруі мүмкін, — деді ол.

Еске салайық, былтыр әлемдік кинокомпания «Ойжұмбақ 2», «Моана 2», «Муфаса. Арыстан патша» атты үш фильмін қазақ тіліне аударуға тапсырыс беріп, дубляж жұмыстарын қаржыландырды.

Ал 2025 жылы Disney студиясы «Элио» фильмін қазақ тіліне дубляждады.

Сондай-ақ биыл «Лило мен Стич» фильмі қазақ тілінде сөйледі.