Disney студиясының кезекті туындысы қазақ тілінде сөйлейді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда әлемдік студия ұсынған жаңа фильмнің жабық көрсетілімі өтті.
Disney студиясының «Лило мен Стич» фильмі қазақ тіліне дубляждалды. Кинотуындының басты кейіпкерлерінің бірі Стичті — дубляж режиссері, актер Шах-Мұрат Ордабаев, екінші басты кейіпкер Лилоны — жас актриса Айзере Беркінбай, Наниді — актриса Айжұлдыз Адайбекқызы, Пликлиді — теле-радио жүргізуші Қазбек Қасым, Девидті — стендап-әзілкеш Руслан Тай дыбыстады.
— Бұл осы жылы қазақша дыбысталған екінші фильм. Біріншісі «Ақшақар» болды. Көрерменнің қазақтілді фильмдерге қызығушылығы тек өсіп келеді және көрерменіміз талғампаз болып бара жатыр. Ол дубляж саласында жүрген адамдардың әлі де жетілуі керек, әлі де өсуі керек деген сөз. Көрермен талғамы өскен сайын соғұрлым сай болуымыз керек. Жалпы сұраныс бар, бұл қуантады, — деді дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев.
Сонымен қатар ол биыл Disney студиясы тағы екі фильмді — «Жануарлар әлемі» (Zootopia) және «Аватар 3» туындыларын қазақ тілінде дыбыстауды жоспарлап отырғанын атап өтті.
Ал Лилоны дыбыстаған 9 жастағы Айзере Беркінбай бұл жұмыстан көп тәжірибе жиғанын айтты.
— Мен 133 мектеп-гимназиясында оқимын. Бұл менің алғашқы жобам емес, бұған дейін де бірнеше мультфильмде дубляж жасадым. Бірақ осы фильмде жаңа тәжірибе алдым. Себебі кей тұста айқайлауым керек болды, жылайтын тұстары да болды. Болашақта актриса болуды армандаймын, — деді ол.
Фильм 22 мамыр күні қалың көрерменге жол тартады.
Еске салайық, былтыр Disney студиясы «Ойжұмбақ 2», «Моана 2», «Муфаса. Арыстан патша» атты үш фильмін қазақ тіліне аударуға тапсырыс беріп, дубляж жұмыстарын қаржыландырды.