- Дивидендке қатысты әртүрлі ой бар. Банк немесе мұнай-газ өндіріп отырған компанияның иесі «жаман» деп айтуға болмайды, барлығы бірдей. Кез келген бизнесмен пайда табуға жұмыс істеп, жұмыс орындарын құрады, салық төлейді. Жалпы, ұсыныс (акционерлер алатын дивидендтеріне салық төлету) дұрыс. Дивидендтер артылып жатса, төлету керек. Бірақ қазірдің өзінде банк саласына жүктемені көтеріп отырмыз, - деді Е.Жамаубаев Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ермұрат Бапи банктерден дивиденд алатын акционерлеріне салық салу нормасын ұсынды.
Өз кезегінде Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин дивидендтерге салық салуға қатысты нақты ұсыныс болса, Үкімет қолдайтынын айтты.
Оның сөзіне қарағанда, бұл талап тек банктерге ғана емес, сонымен қатар дивиденд алатын барлық адам мен ұйымдарға қатысты болады.