Олимпиадада Диёра Келдиёрова Ута Абэні жеңгеннен кейін әлеуметтік желі қолданушылары жапониялық татами шеберінің ар-намысына тиетін пікірлер жаза бастады. Бұл ретте өзбекстандық спортшы қарсыласына лайықты құрмет көрсетуге шақырды.
“Мен көрермендерден бәріне жоғары құрмет көрсетуін сұраймын. Спорт - бізді біріктіретін күш! Біз басымызды дзюдо қосқан отбасымыз. Сондықтан жағымсыз пікір жазуды тоқтауларыңызды өтінемін. Менің ойымша, дзюдо үйрететін ең маңызды қағида — ол құрмет", — деп жазды Д.Келдиёрова Instagram-дағы ресми парақшасында.
Айта кетейік, Ута Абэ төртжылдық бәсекенің басты фавориті болды. Ол кейінгі 5 жыл ішінде жеңіліп көрмеген (соңғы 47 белдесуін жеңіспен аяқтаған).
Оны Париж Олимпиадасының 1/8 финалында өзбекстандық дзюдошы Диёра Келдиёрова Ippon-мен жеңіп, жарыс жолынан ығыстырды.
Одан кейінгі белдесулерде де Д.Келдиёрова қарсыластарынан басым түсіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Осылайша ол бұл елдің тарихында дзюдодан Олимпиада “алтынын" алған алғашқы спортшы атанды.