«Қазір бұған шағымданған бірнеше кәсіпкерлер бар. «Астана жарнама» КММ ақпараты бойынша 3 мыңнан астам маңдайша алынып тасталды. Шағымдар бүгінгі күнге дейін келіп жатыр», - деді Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының «Атамекен» кәсіпкерлер құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Алмас Башибаев журналистерге.
2019 жылдың желтоқсанында Астана қаласының мәслихаты «Бірыңғай дизайн-код» ережесін бекіткен. Пандемия басталған соң, бұл ережелерді орындау кейінге қалдырылған.
Спикердің айтуынша, дизайн-кодты орнату бойынша іс-шараларды жергілікті билік биылғы ақпан айында бастаған.
«Біздің білуімізше, тиісті түсіндірмелер жасалмады. Биыл наурыз айында бізге жарнамалық қызметпен айналысатын кәсіпкерлер жүгінді, біз өз алаңымызға жергілікті атқарушы орган өкілдерін шақырдық, олардан маңдайшалар мен жарнаманың қалай жасалу керегін түсіндіруді сұраған едік.
Бір маңдайшаны жасау шамамен 2 млн теңге тұрады. Банктердің біріне маңдайшаны өзгерту талабы қойылып отыр, барлық маңдайшаны өзгертуге орасан зор қаражат кетеді», - деп атап өтті палата өкілі.
Бұл ретте палата жергілікті атқарушы органдар қолданыстағы заңнаманы бұзды деп есептейді. Мәселен, Кәсіпкерлік кодекстің талаптары бұзылған, өйткені палата бизнеске қатысты заңсыз тексеру жүріп жатқанын айтып отыр.
Кәсіпкерлер әкімшілік құқықбұзушылық белгілері де бар екенін айтып отыр:
- 173-бап «Лауазымды адамдардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуы», 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады;
- 175-бап «Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізу тәртібін бұзу», 20 АЕК айыппұл салу көзделген;
- 175-1-бап «Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне бару арқылы бақылау мен қадағалаудың өзге де нысандарын заңсыз жүргізу».
Әкімдік жауабы қандай?
«Астанада қала келбетін дизайн-кодқа сәйкестендіру бойынша белсенді жұмыстар жалғасып жатыр. Елорданың барлық бес ауданында тұрақты түрде кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері елордада 2700-ге жуық баннер, жарнамалық маңдайшалар, оның ішінде дизайн-кодқа сәйкес келмейтін дөңгелектердегі жарнамалар алынып тасталды. Бес аудан әкімдігінің қызметкерлері заңсыз және сәйкес келмейтін жарнаманың дизайн-кодын түсіндіру және бөлшектеу бойынша көшпелі іс-шаралар өткізіп жүр. Кәсіпкерлермен тиісті әңгімелер жүргізіледі, дизайн-кодқа сәйкес келмейтін маңдайшаларды ауыстыру қажеттілігі туралы буклеттер беріледі», - деп жауап берді қала әкімдігі.
Осылайша, әкімдік ғимараттардың немесе құрылыстардың қасбеттеріне маңдайшаларды орналастыру тұжырымдамасы бар екенін, онда бизнес өкілдеріне елорданың архитектуралық келбетін бір стильде жүзеге асыру үлгісі көрсетілгенін айтқан.