Дизайн-код қабылданғанына – 1 жыл: Алматыда не өзгерді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бір жыл бұрын Алматыда дизайн-код қабылданды. Бұл құжат ғимараттардың қасбеттеріне, маңдайшаларына және қалалық ортаны безендіруге қойылатын талаптарды белгілейді.
Жаңа ережелерді әзірлеу кезінде мамандар Сеул, Прага, Мельбурн және Мәскеу сияқты ірі мегаполистердің тәжірибесіне, сондай-ақ туризм, энергетика, тұрғын үй шаруашылығы, экология және инклюзия саласындағы сарапшылардың ұсыныстарына сүйенген. Дизайн-код құжатында қазақ халқының мәдениетіне негізделген қаланың түс палитрасы әзірленген. Оған қазақтардың дүниетанымын көрсететін негізгі түстер кірді: сары, көк, жасыл, қызыл, қоңыр, ақ және қара. Мысалы, жол сілтейтін тақтайшаларда жасыл және көк түстерді, ақпараттық жазуларда қызыл және қою қызыл түстерді, мәдени мұра нысандарына — қара, ал бизнес нысандар мен жаңа аудандардағы жол сілтейтін тақтайшаларда ақ пен ашық сұр түстерді қолдану ұсынылады.
Одан бөлек бұл ережелер ғимарат сыртына ілінетін маңдайша, тақтайша, билборд және басқа элементтердің ретсіз орналасуына тыйым салады. Дизайн-код бойынша ғимараттардың қасбеттеріне, сәулет элементтерінің үстінде жарнамалық және өзге де жазуларды, суреттерді орналастыруға болмайды. Сонымен қатар қалалық ортаның визуалды әдемілігін құртпас үшін дүңгіршектерге тек екі ақпараттық тақтай қоюға рұқсат беріледі. Ал жол көрінісін шектемеу үшін көлік қозғалысы жағынан аялдама кешендерінің екі шетінен жарнама орналастыруға тыйым салынады.
Алматының қалалық ортасында құрылыстың бес санаты анықталды: кеңестік, тарихи орталықтар, жеке тұрғын үй құрылысы (ЖТҚ), жаңа құрылыс және аралас тип. Олардың әрқайсысы үшін дизайн-кодының өзіндік ережелері бекітілді.
Құжатта мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіліктеріне сәйкес келетін инклюзивті ортаны құруға ерекше назар аударылған. Мысалы, көзі нашар көретін азаматтар үшін жол белгілерін 1,5 метр биіктікте орналастыру ұсынылады. Ақпарат Брайль шрифтімен де берілуі керек. Есту қабілеті бұзылған адамдар үшін ғимараттың кіреберісінде ақпараты ауысып отыратын жарқын визуалды индикациясы бар жарық маяктарын қарастырған жөн.
Ал көгалдандырудың негізгі қағидаттары бойынша жол бойында, бос аумақтарда жасыл желекті көбейту қажеттігі жазылған. Мәселен, автотұрақтарға жақын аумақты көгалдандыру ұсынылады. Талаптарға сәйкес, пайдаланылған газдардың атмосфераға көтерілуін тоқтату үшін негізінен ірі көшеттер отырғызылуы керек.
Кәсіпкерлер жаңа талаптарды орындауға дайын ба
Алматының қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы Kazinform агенттігі жолдаған сауалға жауап беріп, кәсіпкерлердің жаңа ережелерді қаншалықты орындауға дайын екенін түсіндірді.
— Алматы кәсіпкерлері дизайн-кодтың жаңа талаптарын орындауға жақсы дайындығын көрсетіп жүр. 2024 жылдың наурыз айынан бастап 160-қа жуық маңдайша бойынша өтінім берілді, бұл бизнестің айтарлықтай қызығушылығын көрсетеді. Ғимараттардың бірінші қабатындағы мекемелердің біршама иесі нысан қасбеттерін ретке келтірді. Бұл олардың нормаларды орындау кәсіпті тартымды ете түсетінін түсінгенін көрсетеді, - делінген басқарма жауабында.
Сондай-ақ басқарма тұрақты түрде дизайн-код талаптарына сәйкес келмейтін маңдайшаларға мониторинг жүргізілетінін, бұзушылықтарды жою және маңдайша эскизін келісу қажеттігі туралы ұсыныс берілетінін мәлімдеді. Бүгінгі күні 1900-ге жуық ұсыныс жазылған хаттар жіберілген.
— Алматы — ірі мегаполис, мұнда көптеген кәсіпкерлер шоғырланған. Осыған байланысты маңдайшаларды дизайн-код талаптарына сәйкес келтіру бойынша айтарлықтай жұмыс күтіп тұр, - деп хабарлайды ведомстводан.
Агенттік қала әкімдігінен дизайн-кодқа өзгерістер енгізу туралы кәсіпкерлер тарапынан өтініштердің бар-жоқтығын сұрады. Берілген жауапқа сәйкес, кәсіпкерлер тақтайшаларды дұрыс орналастыру туралы түсініктеме алу үшін жүгінеді, бірақ осы уақытқа дейін өзгерістер енгізу туралы ұсыныс түспеген.
Қалада қандай өзгеріс бар
Былтыр Алматы әкімдігі дизайн-код біртіндеп енгізілетінін мәлімдеген болатын. Кәсіпкерлерге өз объектілерінің сыртқы келбетін жаңа стандарттарға бейімдеуге 1,5 жыл уақыт берілді. Айтылған уақытта дизайн-кодты қалыптастыру қаншалықты шынайы екенін қазақстандық сәулетші, Британдық сәулетшілер корольдік институтының құрметті мүшесі Нұрлан Қамитов айтты.
— Олардың 2025 жылдың қыркүйегіне дейінгі мерзімі бар, сондықтан нәтиже туралы айтуға әлі ерте. Оның үстіне, бұл жылдам жұмыс емес. Дегенмен, кей компаниялар өз ғимаратының келбетін жалпы стильге сәйкестендіріп жатқанын көріп жүрміз, - деді ол.
Сарапшы әлемнің жетекші елдерінің тәжірибесін ескере отырып, қаланың ортақ келбетін қалыптастыратын жаңа ережелерді енгізу дұрыс шешім деп санайды. Алайда, ол жаңа тұрғын үй кешендерін жобалауға қатаң талаптардың жоқтығына назар аударды. Айтуынша, бұл дизайн-кодының қолданыстағы жалпы нормаларына қарамастан визуалды ретсіздікке әкеледі.
— Мұны Алматының жаңа аудандарында байқауға болады, өйткені жалпы қала бойынша талаптар бар, бірақ жергілікті немесе микро-дизайн бойынша ережелер жоқ. Нәтижесінде, құрылыс салушылар немесе коммерциялық үй-жайлардың иелері әдетте, бәрін өз қалауы бойынша жасайды, - деді сәулетші.
Дизайн-кодты қолданудың сәтті үлгісі ретінде ол әлемге әйгілі Майами ауданы — Coral Gables-ті атап өтті. Бұл аумақтың дизайн-кодында сәулет палитрасы мен ортақ стильден бастап баспалдаққа дейінгі барлық бөлшектер бекітілген. Сондай-ақ барлық жобалар қалалық кеңесте егжей-тегжейлі қарастырылады.
— Сондықтан Қазақстандағы қала құрылысы басқармалары өз өкілеттіктерін кеңейтіп, жобалардың нормативтерге сәйкестігін тексеруді ғана емес, сонымен қатар олардың дизайн-код талаптарына сәйкестігін бағалауды да енгізуі маңызды деп санаймын. Бұл дизайнерлерге жоба әзірлеудің алғашқы кезеңдерінен-ақ дизайн-кодының талаптарын ескеруге мотивация болар еді, - деді Нұрлан Қамитов.
Ол меншік иелері мен ұйымдарды ынталандыру үшін экономикалық жеңілдіктер жүйесін енгізуді ұсынады. Мысалы, аумақты сапалы көркейткен, заманауи графикалық шешімдер енгізген, жарықтандырудың инновациялық жүйелерін орнатқан ұйымдарға арнайы жеңілдіктер жасау қажет.
AlmaU урбанистика орталығының директоры Зарина Дәулетқан қалалық ортадағы өзгерістер дизайн-код енгізілгенге дейін басталғанын атап өтті. Панфилов, Абай даңғылы және басқа да орталық көшелерді жаңарту жұмыстары (2017-2020) ыңғайлы және қауіпсіз қоғамдық кеңістік құруға негіз болған.
— Қазір осы өзгерістер аясында алынған табысты тәжірибені бағалау және оны қаланың басқа аудандарына тарату міндеті тұр. Дизайн-кодты енгізу осы табысты тәжірибені күнделікті жұмысқа алуға, Алматының шеткі аудандарында қолдануына және белгілі бір дәрежеде оны жеделдетуге мүмкіндік береді. Қазір қалада өзгерістер бар болғанына қарамастан, бүгінде олар қарапайым адамға көрінбейді. Меніңше, қалаға біраз уақыт қажет болады. Мегаполис ауқымында бір жыл сын айтатын мерзім емес, - деді ол.
Еске салайық, 2023 жылы желтоқсан айында Алматы қаласының мәслихаты қаланың дизайн-кодын бекітті.