Дизайнер Аида Кауменова: Туған жерімнің табиғаты шабыттандырады

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат -  Алматы облысының Сарқан ауданында жерлестер форумы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айтулы шараға туған жерінен нәр алып, әр салада еңбектеніп жүрген бір топ азамат арнайы келді. Олар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениеті мен руханиятына өз үлесін қосуға дайын екендіктерін жеткізді.

 

Солардың бірі - белгілі дизайнер Аида Кауменова. Модельер сән әлеміндегі әрбір жетістігіне туған жері шабыт беретінін жасырмады. Оның айтуынша, жер жәннаты - Жетісуда туып-өскен әрбір азамат дарынды. Ал туған жері оған күш-қуат береді. Сондықтан іскер әйел кіндік қаны тамған  ауылына жиі келіп, рухани қайраттанып қайтуды дәстүрге айналдырған.

Айта кету керек, бүгінде Аида Кауменованың ерекше дизайндегі киімдері жоғары сұранысқа ие.

 

Жалпы жерлестер бұл жиынға «Еліме, жеріме не беремін? Қандай көмегім тиеді?» деген ниетпен келді. Солардың бірі - Алматы облыстық Ішкі істер департаментінің басшысы, генерал-майор Мұрат Ұрымханов. Ол Сарқан ауданының Шатырбай ауылында дүниеге келген полиция басшысы, өзінің ұстазы, бірнеше буын тәртіп сақшысын тәрбиелеген соғыс ардагері, генерал Әбдіқадыр Болсамбековтің мүсінін ұжыммен бірге жұмыла орнатуға уәде берді.

 

Өзге де сарқандықтар елі мен жері үшін аянбай еңбек еткен дарынды тұлғалар Еркеғали Рахмадиев пен Мұхтар Арынға да ескерткіштерді өз күштерімен орнатуға сөз берді. Осылайша, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған форумда жерлестер 3 ескерткіш орнатуға ниет білдірді.

 

Айта кету керек, Сарқан өңірі Мұхамеджан Тынышбаев, Мұқан Төлебаев, Мұхтар Арын сынды ұлт зиялыларын дүниеге әкелген киелі топырақ.