Болат Ақшолақов атап өткендей, бүгінгі таңда министрліктің қызметі мұнай-газ және энергетика салалары сияқты стратегиялық бағыттарда шоғырланған. Жанар-жағармай материалдары нарығын реформалауға қатысты ведомство бірқатар шаралар қабылдады. Мысалы, мұнай өнімдерін өндіру және бөлу саласындағы ашықтықты қамтамасыз ету үшін министрлік жоғары маржиналдығы бар, алайда меншік құқығында мұнай базасы жоқ және шалғай өңірлер мен әлеуметтік маңызы бар кәсіпорындарға жанар-жағармай бөлуге қатыспайтын өнімсіз делдалдарды нарықтан шығаруға ниетті. Сондай-ақ Энергетика министрлігі мұнай өнімдерін автокөлікпен шығаруға тыйым салуды биылғы жыл соңына дейін ұзарту туралы бұйрық қабылдады. Ал дизель отынының тапшылығын болдырмау үшін бағалардың саралануы әзірленді. Оған сәйкес азаматтар үшін дизель отыны жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде 100 литрге дейін және жүк көлігіне техпаспорт ұсынылған кезде 300 литрге дейінгі арнайы 230/260 теңге бағамен беріледі. Белгіленген көлемнен жоғары және транзиттік көлік үшін баға 1 литр үшін 450 теңге болады.
Болат Ақшолақов сапар барысында тағы бір өзекті мәселені қозғады. Энергетика министрі қарағандылықтарды күзгі дала жұмыстарын жүргізуге агротауар өндірушілеріне дизель отынын жеткізу жұмыстары туралы хабарлады.
«Бүгінгі күні күзгі дала жұмыстарын уақытылы және тұрақты жүргізу үшін еліміздің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің атына мұнай өңдеу зауыттарында тоннасына 222 мың теңге (184 теңге/литр) бағасы бойынша 423 мың тоннадан астам дизель отыны бөлінді, бұл бөлшек сауда бағасынан өңірге байланысты орташа есеппен 15-25% төмен. Оның ішінде, Қарағанды облысына 20,7 мың тонна дизель отыны қарастырылған. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің атына дизель отынын жөнелту басым түрде жүзеге асырылуда», - деп атап өтті Болат Ақшолақов.
Сонымен қатар Энергетика министрлігі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін дизель отынын жеткізу нарығын реформалауды қолға алмақ. Ол үшін байланыс деректерін, егістік жерлердің жалпы алаңын, жанар-жағармай қажеттілігін көрсете отырып, аумақтық бөліністе ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің деректер базасын құру, отын бөлу үшін электрондық-ақпараттық жүйені енгізу жоспарланып отыр. Бұл ауыл шаруашылығы өндірушілеріне мұнай базаларында немесе ресурс ұстаушылардан мұнай өнімдерін өз бетінше сатып алуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ 20 шілдеде биржалық сауда-саттық кезінде бағаның күрт көтерілуіне жол бермеуге мүмкіндік беретін биржалық сауданың Үлгілік ережелеріне өзгерістер енгізілді.