DJ Imanbek Павлодардағы жол қауіпсіздігі акциясында жастарға үндеу жасады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Павлодар облысында «Қауіпсіз жол» профилактикалық рейді барысында прокуратура мен полиция департаментінің қызметкерлері жолдағы апаттардың алдын алу және жүргізушілердің мәдениетін арттыру мақсатында бірлескен іс-шара өткізді. 

Фото: видеодан алынған скрин

Қазақстан Бас прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған іс-шараға танымал қазақстандық музыкалық продюсер, «Грэмми» сыйлығының иегері DJ Imanbek қатысты. Ол құқық қорғау органдарының өкілдерімен бірге темір тұлпарды тізгіндегендерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

Рейд кезінде жүргізушілерге жылдамдықты бақылау, қауіпсіздік белдігін тағу, мас күйінде көлік басқармау және жолда абай болу қажеттігі ескертілді.

Ұйымдастырушылар мұндай акцияларға танымал тұлғаларды тарту кең аудиторияға, әсіресе жастарға жол қауіпсіздігі туралы ақпаратты тиімді жеткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті. 

Павлодар облысының прокуратурасы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – баршаға ортақ міндет екенін еске салып, барлық жол қатысушысын жауапкершілікпен және тәртіппен жүруге шақырады.  

Айта кетейік, бұған дейін Алматы көшелерінде жарысқан тағы бір топ жүргізуші ұсталғанын жазғанбыз.