Дмитрий Огай Алматы қаласының "Қайрат" футбол клубының бас бапкері болып тағайындалды

None
АЛМАТЫ. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Жаңа маусымда Бірінші лигада өнер көрсететін Алматының "Қайрат" футбол клубын енді Дмитрий Огай жаттықтыратын болды.

Алматылықтардың демеушісі саналатын "ҚазРосГаз" ЖШС-нің бас директоры Қайрат Боранбаев 22-бейсенбіде командаға ресми түрде жаңа бас бапкерді таныстырды. Биылғы маусымда Премьер-Лигада сүреңсіз ойын өрнегімен көзге түскен алматылықтар Бірінші лигаға түсіп қалған болатын. Клубтың ғаламтордағы сайтында жарияланған хабарламаға қарағанда, команда басшылығы Д. Огаймен 2+1 жүйесі бойынша келісім-шарт жасасқан. "Қайратты" тығырықтан алып шығатын болса қазақстандық бапкер 2 жылдан кейін келісім-шарт мерзімін тағы ұзартуға мүмкіндігі бар.

Команданы бұған дейін жаттықтырып келген шетелдік бас бапкер Джон Чарльз Грегоримен 19 желтоқсанда еңбек келісім-шарты бұзылған болатын. "Қайраттың" қазақстандық жаңа бас бапкері Дмитрий Алексеевич 2002, 2005 жылдары Қазақстанның үздік жаттықтырушысы атанған болатын. Бапкерлік мансабында 2000-2001 жылдары Қызылжардың «Есіл-Богатырь», 2002-2004 -Павлодардың «Ертіс», 2005-2009 жылдары Қостанайдың «Тобыл», 2010 жылы Тараздың "Тараз", 2011 жылы Ресейдің Екатеринбор қаласының "Урал" командасын жаттықтырды. «Валенсия», «Аякс», «Барселона», «Рубин" сияқты еуропалық командаларда бапкерлік тәжірибеден өткен ол ел чемпионатында 2000 жылы қызылжарлықтарды күміс жүлдегер, қостанайлықтарды 3 рет күміс, 1 рет қола жүлдегер және 2007 Қазақстан кубогының жеңімпазы етіп, 2002-2003 жылдардағы маусымда павлодарлықтарды ел чемпионы жасады.

1960 жылы 14 мамырда Тараз қаласында өмірге келген Д. Алексеевич 1980, 1986-88 жылдары Алматының «Қайрат»; 1981-83 жылдары Ташкенттің "Пахтакор»; 1986, 1989 жылдары Жамбылдың «Химик»; 1990-91 жылдары Қарағандының «Шахтер» командасының ойыншысы болды. Сондай-ақ әр жылдары Алматының «Достық» (Алма-Ата), Ақтөбенің «Актюбинец», Ақтаудың «Мұнайшы» және Германияның «Пройссен Хамельн-07» командаларында да өнер көрсетіп, аяқтоптағы ойыншы мансабын 38 жасында туған қаласында аяқтады.