АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық, әлемнің 339-ракеткасы Дмитрий Попко АҚШ-тың Санрайз қаласында (Флорида штаты) өтіп жатқан ITF турнирінің жартылай финалына жолдама алды.
Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ширек финалда дүниежүзілік рейтингіде 821-орында тұрған америкалық Аксель Нифвемен кездесті.
Бәсекенің тартысты өткені сондай, 3 сағат 7 минутқа созылды.
Бірінші партияда тай-брейкте америкалық теннисші 7:6 (11:9) есебімен басым түссе, одан кейін ойын тізгінін Попко қолына алды – 7:5, 6:2.
Д.Попконың екінші айналымдағы америкалық Хенрик Вирсхольммен матчы да 3 сағат 11 минутқа созылған еді.
Дмитрий Попко финалға шығу үшін әлемнің 758-ракеткасы, доминикандық Питер Бертранмен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Әбу-Даби турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Михаил Кукушкин Ноттингем турнирінің ширек финалына жолдама алды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).